Су тасқыны: Қостанай облысында үйсіз қалғандарға пәтер сатып алу басталды

су тасқынынан қорғану
Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысында су тасқыны салдарынан 981 бас мал қырылған. Соның 800-ден астамына бағалау есебі дайындалды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімдігінің Қаржы басқармасы басшысының орынбасары Алма Жүсіпова айтты.

«Келген шығынды бағалау жөніндегі комиссияға 2439 өтінім келіп түсті. Жергілікті атқарушы органдар төлемдерге қатысты қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Бұл мақсатқа 5 млрд теңгеге жуық қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. Осы қаражат әлеуметтік төлемге, өтемақыға, сондай-ақ автокөлік жолдары мен электр энергиясы желісін қалпына келтіруге бағытталады. Сонымен қатар, Үкімет резервінен қосымша 405 млн теңге бөлініп, Арқалық қаласынан 31 пәтер сатып алынды», - деді А. Жүсіпова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.

Оның айтуынша, өңірде 1100 үйге техникалық бағалау жасалып, соның арасында 711 үй қалпына келтіріледі. Бұл үйлерге қатысты өтемақы төленеді. Ал жөндеуге жарамай қалған үйлердің саны 378 болды. Олардың тұрғындарына баспана сатып алынады.

«Ветеринарлық қызметтің мәліметінше, су тасқыны салдарынан 981 бас мал қырылған. Бұл ретте, бағалау жүргізілгеннен кейін өтемақы төленеді. Қазір 806 бас бойынша бағалау актісі жасалып, 161 млн теңге сомасында төлем жасалды», - деді басқарма өкілі. 

Біржолғы әлеуметтік көмекке тоқталсақ, 1915 өтінім бойынша 739 млн теңге төленді. Қазір өтінім қабылдау жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар