Су тасқыны: өңірлерде 72 029 адам қауіпсіз жерге көшірілді

қаупсіздік
Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин елдегі су тасқынына қатысты соңғы жағдаймен (7 сәуір) таныстырды.

«Қазіргі уақытта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, БҚО және СҚО-да 3686 жеке тұрғын үй, 550 аула аумағы және 1822 саяжай үйлерін су астында қалды. Су тасқыны басталғалы бері 72 029 адам, оның ішінде 16078 бала қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Уақытша орналасу пунктерінде 14 368 адам оның ішінде 7255 бала орналастырылды. Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Ұлттық ұлан әуе кемелері құтқару жұмыстарын жалғастыруда», - деді Қаһарман Оразалин Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, 7,5 млн текше метрден астам қар суы сорылып шығарылып, 952 мыңнан астам қапшық және 976 мың тоннадан астам инертті материал төселді. 

«Бүгінгі таңда авариялық құтқару жұмыстарына 12 445 адам, 1300-ге жуық техника және әуе кемелері жұмылдырылды. Атырау, Ақтөбе, Қостанай, БҚО СҚО және Павлодар облысы республикалық штабтың бақылауында», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар