Су тасқыны: Орал қаласындағы аспалы көпірде мұз кептелісі болды

Мұз кептелісі
Фото: Лұқпан Елеу

ОРАЛ. KAZINFORM — Шаған өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Орал қаласында Самал ауданындағы аспалы көпірде мұз кептелісі пайда болды.

Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткеніндей, бұл аталған аудандағы саяжайларды лезде су басуға әкеп соқты.

Сондықтан Орал қаласы әкімдігі көпірден мұз көшкінін кедергісіз өткізу үшін шаралар қабылдады. Бұл жұмысқа 7 арнайы техника, 20 маман жұмылдырылды. Көпірді су деңгейінен жоғары көтеру нәтижесінде мұз кептелісі қозғалып, өзеннің төменгі ағысына кедергісіз өтуде. Қазір аталған жерде кезекшілік ұйымдастырылған.

Мұз кептелісі
Фото: Лұқпан Елеу

«Шаған және Деркөл өзенінің жайылмасында орналасқан саяжай тұрғындары қауіпсіз жерлерге уақытша көшуде. Уақытша тұратын үйлері жоқ адамдар эвакуациялық пункттерге орналасуда. Тұрғындарды эвакуациялауға барлығы 12 автобус жұмылдырылған. Бос қалған үйлерді тонаудың алдын алу үшін саяжайларды полиция қызметкерлері күзетуде. Қазіргі уақытта қаладағы өзен жайылмаларындағы саяжайларда шамамен 10 мыңнан аса адам тұрады. Қалада барлығы 8 эвакуациялық пункт болса, соның екеуінде адамдар толық. Әр пунктте полиция, санитариялық-эпидемиологиялық станса қызметкерлері, дәрігерлер және басқа қажетті мамандар кезекшілік етуде», деп хабарлады ведомстводан. 

Мұз кептелісі
Фото: Лұқпан Елеу

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 2 сәуір күнгі сағат 20.00-дегі мәліметі бойынша Жайық өзені Бәйтерек ауданы Январцев елді мекені тұсында 613 (қауіпті шегі – 1250 см), Шаған Чувашинде 1264 (1280-1300), Деркөл Белесте 708 (600-650), Быковка Құрманғазыда 821 (810), Қараөзен Казталов ауданы Жалпақтал ауылында 745 (790-820 см) сантиметрге жетті.

Мұз кептелісі
Фото: Лұқпан Елеу

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда суға кеткен үйлер саны 500-ден асқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар