Су тасқыны: Оралда саяжайдан құтқарылған иттер қайда орналастырылды

ит
Фото: "Жәрдем-Вет" оқу-ғылыми-өндірістік орталығы

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында саяжайлардан құтқарылған иттер Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанындағы «Жәрдем-Вет» оқу-ғылыми-өндірістік орталығына орналастырылды.

«Жәрдем-Вет» оқу-ғылыми-өндірістік орталығының меңгерушісі Бекжасар Сидиховтың мәлім еткеніндей, қазір мұнда саяжайлардан жеткізілген 102 ит ұсталуда.

итхана
Фото: "Жәрдем-Вет" оқу-ғылыми-өндірістік орталығы

Бекжасар Мұстақапұлының сөзіне қарағанда, негізінен қаладағы бұралқы иттерді стерилизациялау, енін алып тастау, дегельментизациялау, егу және бірдейлендіруге арналған аталмыш орталық 75 орынға есептелген.

«Қазіргі кезде су тасқынына байланысты біз әр клеткада екі-үш иттен ұстап отырмыз. Оларды асырап, тамақтандырамыз, астын тазалаймыз. Өзіміздегі тамақтың қорын пайдаланудамыз. Иелері хабарласып, бірер аптада ағайындарымызға алып кетеміз, ауылға апарамыз деп жатқандар бар. БҚО ветеринария басқармасы, Орал қалалық ветеринариялық станциясы, еріктілермен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс атқарудамыз», дейді Б.Сидихов.

итхана
Фото: "Жәрдем-Вет" оқу-ғылыми-өндірістік орталығы

Оның айтуынша, иттер қаладағы 1, 2, 3-саяжайлардан, телеорталық маңынан және «Стеновик» бау-бақша серіктестігінен әкелінген.

«Иттер өздерінің басына түскен жағдайды сезінетін сияқты. Әр клеткада екі-үштен отырса да, бір-бірімен қырылыспайды, тыныш. Иесі видеодауыспен қоңырау шалған кезде соны естіп, танып жатқандар да бар. Мұнда хаски, тазы, алабай, неміс овчаркасы тұқымдас иттер де орналастырылған», деді Б.Сидихов.

су тасқыны
Фото: "Жәрдем-Вет" оқу-ғылыми-өндірістік орталығы

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында 864 сантиметрді көрсеткенін жазған болатынбыз.

су тасқыны
Фото: "Жәрдем-Вет" оқу-ғылыми-өндірістік орталығы
су тасқынынан құтқарылған иттер
Фото: "Жәрдем-Вет" оқу-ғылыми-өндірістік орталығы

 

Соңғы жаңалықтар