Су тасқыны: Полиция қараусыз мүлікті күзету үшін 45 елді мекенді қоршауға алды
АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқыны жағдайында азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәртіп сақшылары күшейтілген режимде қызмет етуде. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтып берді.
Құтқару және су тасқынына қарсы іс-шараларға 4 мыңнан астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, сондай-ақ ІІМ оқу орындарының курсанттары қатысуда.
«Патрульдік көліктер, автобустар, жүк көліктері және ведомстволық тікұшақтар мен ұшақтар секілді 700 қызметтік техника жұмылдырылды. Ішкі істер органдарының қызметкерлері Төтенше жағдай министрлігі мен жергілікті органдарға арықтарды тазартуға көмектесуде. Жалпы полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері 10 мың метрге жуық арықты тазартты, 159 мыңнан астам құм салынған қап төседі», - деді Қ. Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Су тасқыны кезінде ҚР ІІМ 16 300 адамды құтқарған. Тікұшақпен 325 адам, оның ішінде 111 бала эвакуацияланған.
Сондай-ақ, қараусыз қалған мүлікті күзету үшін полиция 45 зардап шеккен елді мекенді қоршауға алды. Олар – Ақтөбе облысында Ақтөбе қаласы мен Ойыл ауданы; Атырау облысында – Жылыой ауданы (Құлсары қаласы); БҚО – Орал қаласы, Бөрлі, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандары; Павлодар облысында – Шарбақты ауданы; Солтүстік Қазақстан облысында – Тайынша ауданы; Қостанай облысында – Қостанай және Рудный қалалары, Қостанай, Қарасу, Федеоровка және Б.Майлин аудандары; Ұлытау облысында – Ұлытау ауданы;
«Қазір Ішкі істер органдары 9 600-ден астам қараусыз қалған тұрғын үй мен басқа да нысандарды күзетуде. Ұрлық-қарлыққа жол берілмеді», - деді спикер.