Су тасқыны салдарынан 6,8 мың бас мал қырылды – АШМ

мал суға кетті
Фото: Ақмола облысы ТЖД

АСТАНА. KAZINFORM – Республикалық штаб қырылған малдардың құнын өтеу алгоритмін бекітті. Сонымен қатар қырылған мал өлекселерінің 96% жойылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин мәлім етті.

«Залалды өтеу және деректерді салыстыру жөніндегі комиссиясы анықтағандай бүгінде су тасқыны салдарынан 6,8 мың бас мал қырылды, оның 75% ұсақ мал. Министрліктің республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өлекселерді жинау және жою жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі уақытта қырылған мал өлекселерінің 96% жойылды. Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және зардаптарды жою жөніндегі республикалық штаб қырылған малдардың құнын өтеу алгоритмін бекітті», - деді Олжас Тілебалдин Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, мал өтемақысын алу мақсатында иелері залалды актілеу үшін жергілікті комиссияға жүгінуі қажет. 

«Өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялайтын жануарлардың түрлері мен жас ерекшеліктері бойынша нарықтық құны туралы деректер негізінде айқындалады», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар