Су тасқынымен күрес бірлігімізді нығайтты – Петропавл тұрғыны

Су тасқыны
Фото: Кейіпкерден

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Ел тұрғындары қиын-қыстау сәтте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қолдарынан келгенше жәрдем беруде. Петропавлда әлеуметтік желіде көмек ұсынған хабарландырулар көбейді. Біреуі қауіпті аумақтан көшірілгендерге уақытша тұруға тегін баспана ұсынса, көлігі барлар заттарды қажетті жерге жеткізіп бермек. Солардың бірі – «Внедорожник 4х4» автоклубының мүшелері. Петропавл тұрғыны Андрей Стельмах тілшіге сұхбат берді.

- Андрей, сіздер өңір тұрғындары арасында алғашқылардың бірі болып су тасқынына қарсы күресте өз көмектеріңізді ұсындыңыздар. Сіздер қандай жәрдем бердіңіздер?

- Облыс аудандарын су басып жатқан уақытта қол қусырып қарап отыра алмадық. Клуб мүшелері жиналып, адамдарды эвакуациялауға, дүние-мүліктерін, үй жануарларын көшіруге көмектесеміз деп шештік. Бұл жұмысқа автоклубтан 7 машина және 20 адам қатысты. Жүк тасуға ыңғайлы болуы үшін жылқы тасуға арналған тіркемесі бар УАЗ патриот, нива, екі газель, УАЗ таблеткалар шықты. Ұсақ заттарды жол талғамайтын көліктермен тасыдық.

Ол үшін әлеуметтік желіде хабарландыру орналастырып, кімге эвакуациялауға көмек керек, хабарласуларын сұрадық. Телефон нөмірлерімізді көрсеттік. Бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, жалғызілікті қарттарға көмегімізді ұсындық.

Су тасқыны
Фото: Кейіпкерден

- Хабарласқандар көп болды ма?

- Иә, үш күн бойы тоқтаусыз жұмыс істедік. Бүгін ғана аздап саябырсыды. Ыңғайлы болу үшін арнайы ватсап группа ашып, шақыртуларды, бар мәліметті сонда салып отырдық. Қандай көлік керек, нені қай жерге апару керек...

Ең бірінші әжей хабарласып, саяжайындағы жиһазды үйдің төбесіне шығаруға көмектесуімізді сұрады. Біздің жігіттер барып, көмектесіп, үйіне апарып тастады. 

Тағы бір отбасын су басатын аймақтан қаланың екінші шетіне – туыстарына жеткіздік. 

Тағы бір әйел телефон соғып, жылап көмек сұрады. Оған Ресейдің Новгород қаласындағы туыстары біздің нөмірімізді әлеуметтік желіден көріп, тауып беріпті. Мүгедектер арбасына таңылған әйел аяғын сындырып алған екен. Оның 97 жастағы анасы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері болып шықты. Ол да өздігінен жүре алмайды, төсек тартып жатыр. Біз ол үйде екі күн жұмыс істедік. Мұздатқыштың ғана төртеуін су басу қаупі бар үйден шығардық. Бұрынғының адамдары ғой, ішін жеміс-жидек, саңырауқұлақпен толтырып қойған екен. Заттарының кейбірін шіркеуге апардық, онда уақытша орын бөлген. 

Су тасқыны
Фото: Кейіпкерден

Хабарландыруда үш телефон нөмірін көрсеткенбіз, соның әрқайсысына күніне кем дегенде 10 қоңыраудан түсіп отырды. 

Сондықтан бірінші кезекте көмектесетін ешкімі жоқтарға, мүгедектерге қолдау білдірдік. Тек кейін басқаларының өтінішін орындадық. Тегін қызметті пайдаланып қалғысы келген ауқатты отбасылар да болды.

- Жұрт су басу қаупі бар аймақтан шығарылған заттарын қайда апарды?

- Кейбірі туыстарына, достарына апарды. Маңдай термен тапқан дүниелері ғой. Волонтерлер тұрғындарға заттарын қоюға орын беріп жатыр. Біз де осы мақсатқа екі гаражды босаттық.

- Жалпы жұрттың көңіл-күйі қалай?

- Үрей басым. Не болар екен деген қорқыныш бар. Бәрі 2017 жылғы су тасқынын еске алып жатыр. Биыл Сергеев су қоймасында тасыған судың биіктігі сол кезден бір метрге артық болды. Жылдар бойы жинаған дүниесін тастап кетуге көздері қимайды.

Су тасқыны
Фото: Кейіпкерден

- «Внедорожник 4х4» автоклубы туралы айтып беріңізші, қанша адам мүше, немен айналысасыздар?

- Бұл автоклуб жол талғамайтын көлікке қызығушылардың басын біріктіреді. Түрлі жарыстар ұйымдастырамыз, өзіміз автоспорттың осы түрінен турнирлерге, фестивальдерге қатысамыз. Жылда республикалық чемпионатты өзімізде өткізіп келеміз. Көлікті жетілдіру, жөндеуге қатысты тәжірибе алмасамыз. Әлеуметтік желіде парақшаларымыз бар, жалпы топта 4 мыңдай адам бар, бірақ оның 15-20-сы ғана белсенді.

- Арнайы қызметтер, әскерилер, халық бірнеше күннен бері бел жазбай бөгеттерді нығайтып жатыр. Су бүгін-ертең келмек. Қалай ойлайсыз, су тасқынына дайынбыз ба?

- Айту қиын, келген судың мөлшеріне де байланысты. Бірақ бұл су тасқынымен күрес біздің бірлігімізді нығайтты. Қазір үлкен судың зардабын азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.

Су тасқыны
Фото: Кейіпкерден

 

Соңғы жаңалықтар