Су тасқынына байланысты Колумбияда төтенше жағдай жарияланды
БОГОТА. KAZINFORM – Колумбия президенті Густаво Петро елде толассыз жауған жаңбыр салдарынан болған су тасқыны мен көшкінге байланысты елде ұттық деңгейдегі «төтенше жағдай» жариялады. Бұл туралы Анадолы жазды.
Мемлекет басшысы мұндай шешім су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жедел көмек көрсету мақсатында қабылданғанын мәлімдеген.
Петро биліктің климаттың өзгеруінен туындаған проблемалармен күресіп жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, елдің көптеген аймақтары су тасқынынан қатты зардап шеккен.
Колумбияның Апат қаупін басқару жөніндегі ұлттық бөлімінің (UNGRD) мәліметінше, нөсер жаңбырдан 46 мың отбасы зардап шеккен, Ла Гуажира, Хуила, Чоко, Норте де Сантандер және Каука аймақтарында төтенше жағдай жарияланған.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда ел астанасы Боготаның солтүстігінде су басқан тас жолды көруге болады.
Петро UNGRD су тасқынынан ең көп зардап шеккен муниципалитеттерге көмек көрсету үшін екі Ұжымдық инвестициялық қор (FIC) арқылы 2,5 миллиард колумбиялық песо (570 000 АҚШ доллары) бөлетінін айтты.
Колумбияда жаңбырлы маусымның басталуымен көптеген қалаларда су тасқыны мен көшкін болды.
Қоса кетейік, Испанияда су тасқыны құрбандарының саны 223-ке жетті.