Су тасқынына дайындық: БҚО өзендерінде жару жұмыстары жүргізілетін болады
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында алдағы көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары барысында өзендерде жару жұмыстары жүргізілетін болады.
БҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұралы Мүсиевтің мәлім еткеніндей, 229,7 млн теңге сомасына 84 мың шаршы метр (96 учаске) алаңда жару жұмыстары жүргізу үшін байқау жарияланды.
Нұралы Қажмұқанұлының сөзіне қарағанда, байқау қорытындысы бүгін шығады.
«Облыс бойынша көктемгі су тасқыны кезінде жұмылдыруға 4126 адам, 1817 техника, 123 жүзу құралы, 455 мотопомпа бекітілді. 2162 тонна инертті материал, 510 400 дана қапшық дайын. Күні бүгін аудандарда 25 460 дана қапшық қапталды», дейді Н.Мүсиев.
Оның айтуынша, қосымша гуманитарлық көмек есебінен әкімдіктерге 177 қайық, 23 мотор, 35 генератор, 46 мотопомпа, 10 палатка, 182 құтқару кеудешесі, 1 448 етік, 140 комбинезон берілді.
«Халықты эвакуациялау жағдайында 47 753 орынға 219 уақытша орналастыру пункті дайындалды, төсек-орын саны - 6726. Оған қоса өткен су тасқыны кезеңінде 15 000 дана төсек орын мемлекеттік материалдық резервтен броньнан шығарылды. Жалпы мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтардың 36 атауы броньнан шығарылып, облысымызға берілді. ТЖ департаментіне 2024 жылдың өткен кезеңінде жалпы сомасы 902 млн 803,02 мың теңгеге 13 техника және құрал-жабдықтар сатып алынды», деді Н.Мүсиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тасқын су басуы мүмкін саяжайлардағы 350 отбасыға хабарлама берілгенін жазған болатынбыз.