Су тасқынына дайындық: ШҚО-ның қай аудандарында қалың қар жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл өңір бойынша қар жамылғысы көп жылғы орташа деңгейден жоғары.
Қар жамылғысының биіктігі 11 см-ден 136 см-ге дейінгі аралықта. Облыстың таулы аудандарында нормадан жоғары ең көп қар қоры Риддер қаласында, Алтай және Катонқарағай аудандарында байқалып отыр. Өзендердегі мұздың қалыңдығы 12 см-ден 77 см-ге дейін жетеді.
- Алтай, Үлкен Нарын, Катонқарағай, Күршім, Шемонаиха, Марқакөл аудандарындағы өзендерде профилактикалық жарылыс жұмыстарын жүргізу қажет учаскелер анықталды. Су тасқынының алдын алу үшін жағалауды нығайту, каналдарды, арықтарды, су өткізу құрылыстарын, көпірлерді тазарту жұмыстары жүргізілуде. Құтқарушылар су басу қаупі төнуі мүмкін үйлерді аралап, халыққа тиісті нұсқаулық беріп жатыр. Сондай-ақ 64 мың дана ыдыс-қап, 9 мың инертті және 263 тонна жанар-жағармай материалдары дайындалған, - дейді департамент бастығының орынбасары Исхар Савазов.
Оның айтуынша, жағдай қиындап кетсе 2511 адам, 935 техника, 46 жүзу құралы, 242 мотопомпадан тұратын арнайы топтар құрылды. Аймақ бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен жалпы сыйымдылығы 21 мыңнан асатын халықты уақытша орналастыратын 182 пункт бар.
Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында су тасқынының алдын алу үшін жасанды интеллектті қолданатын жедел штаб құрылғаны хабарланған.