Су тасқынына қарсы 5,5 мың әскери қызметші жұмылдырылды

тасқынмен күрес
Фото: ШҚО ТЖД

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынына қарсы іс-шараларға Қарулы күштердің авиациясы жұмылдырылды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин мәлім етті.

Қарулы күштердің әскери қызметшілері су басқан өңірлердің тұрғындарын эвакуациялау, су басу қаупі бар жерлерді күшейту, өзендердің, көлдердің және көшелердің жағасында құм салынған қаптарды нығыздап салу, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды ауыз сумен және жарықпен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындап жатыр.

«Су тасқынына қарсы іс-шараларға ҚР Қарулы күштерінен жалпы 5 441 әскери қызметші, 227 автомобиль техникасы, 12 армиялық авиация тікұшағы, 5 әскери-көліктік авиация ұшағы және 3 ұшақ жұмылдырылды. Елді мекендерден 3 300-ден астам адам эвакуацияланды, 1 238 адам және 213 тонна жүк тасымалданды», - деді Р. Жангулин Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.

Оның айтуынша, Қарулы күштер жеке құрамының күшімен өзендер, көлдер жағалауына, елді мекендердің маңына 940 мыңнан астам құм салынған қап дайындалып, бөгеттер нығайтылды.

«Жедел штабтың шешімі бойынша Қарулы күштерден қосымша күштер мен құралдар бөлінді. Ақтөбе қаласында дезинфекциялық жұмыстарды жасау үшін құрамында 50 әскери қызметші мен 17 техникасы бар Тараз гарнизонынан радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау бөлімшесі, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысына Қонаев гарнизонының арнайы техникасы бар инженерлік топ бөлінді. Жеке құрамға да, халыққа да медициналық көмек жасау үшін Қарулы күштердің төрт әскери-медициналық бөлімшесі мен мекемелерінен құрамында 57 адамы бар медициналық бригадалар, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жеткілікті қамтамасыз етілген 8 санитарлық автокөлік жіберілді», - деді ведомство ресми өкілі.

Соңғы жаңалықтар