Су тасқынына жол берген ешбір лауазымды тұлға жауапқа тартылмаған — депутат

абзал құспан
Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Абзал Құспан еліміздегі су тасқынының себеп-салдарына қатысты мәселені көтеріп, еліміздің бас прокуроры Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады.

«Биылғы су тасқыны — еліміз тәуелсіздік алғалы болған оныншы ірі су апаты. Алайда осы кезге де дейін су тасқынының алдын алмағаны немесе салғырттық танытып, жол бергені үшін ешбір жоғары лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылмаған. Бұл жерде мен жергілікті атқарушы органның, яғни әкімдердің жауапкершілігі туралы айтып отырмын. Өзен бойындағы су жайылмаларынан жер берген, саяжайларды тұрғын үйге айналдырған, яғни жарық, газ тартып, азаматтарды тұрақты тіркеуге рұқсат берген, ол — Үкімет емес, жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер», — деді Абзал Құспан Мәжілістің жалпы отырысында. 

Оның айтуынша, келген шығын салмағын үнемі мемлекет мойнына алады. 

«Қылмыстық кодекстің 3 бабында аса ірі залал және ауыр зардап деген ұғым бар, биыл су тасқынында мемлекет те, азаматтар да аса ірі көлемде шығынға ұрынды. Президент су тасқынына байланысты Бас прокуратураға нақты тапсырма берді. Осы орайда бір топ депутат болып БҚО және Атырау облысының Құлсары қаласындағы жағдайға көз жеткізіп келдік. Аталған өңірдегі жағдайларға қатысты тексеруді Бас прокуратура деңгейінде кешенді түрде ұйымдастыру қажет деп есептеймін», — дейді ол. 

Сондай-ақ, халық қалаулысы қолында дәлелдеуші фактілердің барын айтты. 

«Құлсарыда жергілікті белсенділер, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары Жем өзені бойындағы заңсыз салынған бөгеттер туралы мәселені былтыр көтерген. Бірақ жергілікті органдар мен прокуратура тарапынан ешқандай қолдау таба алмаған, сол себепті оларға сенбейді. Барлық тиісті құжаттар, фактілер менің қолымда бар», — деді А. Құспан.

 

Соңғы жаңалықтар