Су тасқынынан бас сауғалаған 31 938 адам үйіне оралды

АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Асқар Шәріп Жайықтың жағасын бекемдеу жұмыстары әлі аяқталмағанын мәлім етті. 

Атбасар ауданы
Фото: Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметі

«Қазіргі таңда республика бойынша 31 938 адам өз үйлеріне оралды. 5682 тұрғын үй мен 2584 ауладан су бұрылып, сорғытылды. Жедел желі телефоны арқылы 2213 қоңырау түсті. Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында Жайық өзені жағасын бекемдеу жұмыстары әлі жүріп жатыр», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Қазір тасқынмен күресте 32 мыңнан астам адам жұмыс істеп жүр.

«Авариялық құтқару және тасқын салдарын жою жұмыстарына 32 мыңнан астам адам, 4 мыңға жуық техника, 763 су соратын құрылғы, 293 жүзу құралы, 13 әуе кемесі жұмылдырылған», - деді ТЖМ өкілі.