Су тасқынынан бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге Үкімет резервінен 48,7 млрд теңге қаражат қажет

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынынан бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге Үкімет резервінен 48,7 млрд теңге қаражат қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.

Қанат Бозымбаев
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Оның атап өтуінше, су тасқыны салдарынан бұзылған баспаналарды бағалау аяқталғаннан кейін зардап шеккен тұрғындарға 150 АЕК мөлшерінде жоғалған қажетті заттарды сатып алу үшін қосымша өтемақы төленіп жатыр. Қазіргі уақытта 15 355 отбасы 7,6 млрд теңге көлемінде өтемақы алды. Мал шығыны үшін мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

«Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу бойынша жұмыстар басталды. Қазіргі уақытта өңірлік комиссиялар шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы сомасы 833 млн теңгеге 124 өтінімін қарады және мақұлдады. Жалпы, алдын ала бағалауы бойынша 24,1 млрд теңге сомасына 797 ШОБ субъектісі зардап шекті. Осы объектілер бойынша бағалау және сметалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олардың қорытындысы өңірлік комиссиялардың қарауына шығарылатын болады», - деді ол.

Қанат Бозымбаевтың атап өтуінше, әкімдіктердің өтінімдеріне сәйкес алдын ала бағалау бойынша инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен 48,7 млрд теңге қаражат қажет.

«Бұл қаражат автомобиль жолдарын, электрмен жабдықтау желілерін қалпына келтіруге және әлеуметтік нысандарды жөндеуге бағытталатын болады. Бүгінгі күні 39,8 млрд теңгеге жобалар дайындалып, құжаттама Қаржы министрлігіне ұсынылды», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар