Су тасқынынан кейбір өңірлерде ҰБТ-ға сапалы дайындық болмауы мүмкін – сенатор

депутат Ғалиасқар Сарыбаев
Фото: 24.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өзінің депутаттық сауалында тасқын судан зардап шеккен өңірлердегі орта мектеп түлектерін ұлттық бірыңғай тестіге дайындау мәселесін көтерді.

Сенатордың айтуынша, тасқын су салдарынан еліміздегі көптеген мектептер оқушыларды қашықтан оқытуға көшкен. Мемлекеттік білім беру гранттары бойынша конкурсқа қатысуға арналған ҰБТ-ға дайындықты төтенше жағдай өзгертіп жіберді. Соның салдарынан оқушылардың алдағы тестіге сапалы дайындалуға мүмкіндігі де, жағдайы да жоқ.

«Балаларды ҰБТ-ға дайындау саласындағы реттеуді мемлекеттік органдардың бірде-біреуі жүзеге асырмайды. Өйткені Оқу-ағарту министрлігінде де, Ғылым және жоғары білім министрлігінде де бұл міндет көзделмеген. Талапкерлер бір мекемеге оқушы емес, екіншісі үшін әлі студент емес. Осыған байланысты зардап шеккен аймақтардағы оқу бітіретін түлектерінің тағдырына алаңдап отырмыз. Табиғи апатқа байланысты бұл балалардың ұлттық бірыңғай тестілеуде төмен нәтиже алу қаупі бар. Сондықтан олар мемлекеттік білім гранттарын ала алмай қалуы сөзсіз», - деді Ғ. Сарыбаев Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында. 

Депутат осыған байланысты талапкерлерді даярлау мәселесін шешу шаралары туралы айтты. Әсіресе, түлектердің құжаттарын тезірек қалпына келтіруге жәрдемдесу туралы министрліктерге ұсыныс айтылды. Тестілеудің екінші кезеңінің басында ҰБТ өткізу пункттерінің қызметін қалпына келтіру қажет екені атап өтілді. 

«Оқу-ағарту, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрліктері қалыптасқан жағдайды назарға ала отырып, түлектерді ҰБТ-ға даярлауға әрі олардың жоғары оқу орындарына түсуіне жәрдемдесу жағын қарастыруы тиіс», - деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар