Су тасқынынан республикалық жолдарға 8,5 млрд теңге шығын келді – Көлік министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Көктемде су шайған республикалық және жергілікті жолдар қайта қалпына келтіріліп жатыр. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтып берді.
«Тасқыннан кейін жол учаскелері мен құрылыстарын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Республикалық жолдар бойынша 122 учаскені су шайды, одан келген шығын 8 млрд 500 млн теңгені құрады. Қалпына келтіру жұмыстарына толық көлемде қаржы бөлу көзделген. Бүгінде республикалық бюджет есебінен 102 учаскеде жұмыстар толығымен аяқталды, ал қалған 20 учаскені қалпына келтіру Қазақстан Даму Банкінің қаражаты есебінен жүргізілуде. Жол құрылыстары мерзімінде аяқталады», - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.
Одан әрі министр 10 өңірде жергілікті жолдарды су шайып, бұзылғанын мәлім етті.
«Барлығы су басқан 414 учаске анықталды, оған жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлініп, 233 учаскеде қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Жалпы тасқын кезінде 30 мыңға жуық жолаушы қауіпсіз жерге жеткізілді. Сондай-ақ, топан су басқан өңірлерге 10 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді», - дейді ведомство басшысы.
Айта кетейік, 2025 жылы ел аумағында тасқынды болжау және модельдеу ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланып отыр.