Су тасқынынан зардап шеккен Көлқамыс тұрғындары 1 тамызға дейін баспана алады

тұрғы үй құрылысы
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM - Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясының мүшелері Берік Бейсенғалиев пен Еркін Әбіл Қостанай облысы Жангелдин ауданының Көлқамыс ауылының тұрғындарымен кездесіп, су тасқыны салдарынан баспанасыз қалған азаматтармен және оларға жаңа үйлерді салып жатқан құрылысшылармен кездесті.

Көлқамыс ауылының тұрғындары
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Табиғи апаттан зардап шеккен Жангелдин ауданының отбасылары жалғыз баспаналарынан айырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әрбір мұқтаж отбасыға мемлекеттен жаңа баспана беріледі. Атап айтқанда, Тауыш ауылында 22, ал Көлқамыс ауылында 19 үй салынып жатыр. Баспаналар Қостанай облысы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арасында жасалған меморандум аясында типтік жобамен салынады. Әрбір үйдің жалпы ауданы 80 шаршы метр және құны шамамен 30 миллион теңгені құрайды.

«Мен мұндай су тасқынын көрген емеспін. Жергілікті ауыл ақсақалдарының айтуынша, қызыл су ауыл төңірегін үнемі айналып өтетін. Бірақ биыл жағдай басқаша болды. Су ауылымызды түгелдей басты. Волонтерлерге эвакуацияға көмектескендері, азық-түлік әкелгендері, заттарды орап, балаларға қарағандары үшін алғыс айтамын. Қазір бізге уақытша киіз үйлер қойылды, болашаққа сеніммен қарап, жаңа баспананы күтеміз», – деді Колқамыс ауылының тұрғыны Темірхан Шойбасов.

Көлқамыс ауылының тұрғындары
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Айта кету керек, «AMANAT» партиясы табиғи апаттың алғашқы күнінен бастап зардап шеккендерге нақты көмек көрсету жұмыстарын шұғыл бастады. Бұл гуманитарлық көмекті жинау, «Жастар Рухы» еріктілерін жұмылдыру, жағалауларды құм салынған қаптармен нығайту, су тасқынына қарсы бөгеттер салу және тағы басқа жұмыстар.

«Су тасқыны кезінде біз тұрғындармен кездескенде олардың көбі жатақханалар мен басқа эвакуациялық пунктерге орналастырылған еді. Қазір жағдай жақсарып келеді, зардап шеккендер өз баспаналарын алуда. Көлқамыста 19 отбасы осы жаздың 1 тамызында жаңа үйлеріне қоныстанады. Қосымша 10 соттық жер де беріледі. Жалпы Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін құрылыс және тұрғын үй сатып алу жұмыстары жаздың соңына дейін аяқталады, – деді Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.

жер үй
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Ал депутат Еркін Әбіл егер тұрғындар өтемақы алу немесе жоғалған мүлікті бағалау мәселелерінде қиындықтар туындаса, «AMANAT» партиясы «Құқықтық көмек» жобасы аясында тегін заңгерлік көмек көрсететінін айтты.

Бір күн бұрын депутаттар Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен Арқалық, Амангелді және Жангелдин аудандарының тұрғындары үшін салынып жатқан 50 пәтерлі үйдің құрылыс барысымен танысты. Қыркүйек айында үй пайдалануға беріледі. 50 пәтердің 20-сы Арқалық тұрғындарына, 16-сы Амангелді және 14-і Жангелдин аудандарының тұрғындарына арналмақ. Бұдан бөлек, Арқалықта 78 зардап шеккен отбасы үшін дайын пәтерлер сатып алынды.

Соңғы жаңалықтар
telegram