Су тасқынынан зардап шеккен үйлерді жөндеуге 257 млрд теңге қажет

Тұрғын үй
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынынан зардап шеккен үйлерді жөндеуге 257 млрд теңге қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.

«Үкімет су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету бойынша жұмысты жалғастырып отыр. Шамамен 67 мың адам өз үйлеріне оралды, эвакуациялық пункттердегі 3664 тұрғынға барлық қажетті көмек көрсетілуде. Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 12 086 тұрғын үй мен 7 380 жалғыз баспана саяжай құрылыстары су астында қалды. Жалпы зардап шеккен өңірлерде 18 228 тұрғын үй зерттелді. Бұл — 94 пайыз. 15 651 нысан бойынша бағалау аяқталды. Бұл — 81 пайыз», — деді Үкімет басшысының орынбасары. 

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта зерттеу қорытындыларына сәйкес 9 306 баспана қалпына келетін санатқа жатқызылды. 8 190 баспана қалпына келтірілмейтін санатқа жатқызылып, олар бойынша қайталама нарықтан 5 714 баспана сатып алу және 2576 типтік жобада баспана құрылыстары жоспарланған.

«Жалпы, тұрғын үйді қалпына келтіруге шамамен 257 млрд теңге қажет. Қазіргі уақытта 6 176 отбасы жалпы сомасы 40 млрд теңгеге баспана жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды. Зардап шеккен аймақтарда бүгінде 3 414 отбасына қираған тұрғын үйдің орнына жаңа үйлер мен пәтерлер сатып алынды немесе өтемақы төленді. Зардап шеккен азаматтарға арналған 2 500 жаңа баспана құрылысы жүргізілуде. 33 321 отбасы 12 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Бұл жұмыс Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Абай және Ұлытау облыстарында толық аяқталды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау облыстарында төлемдер жалғасуда», — деді Қанат Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum