Су тасқынынан зардап шеккен Жалаулы ауылының бес отбасына жаңа үйлердің кілті табысталды

Тұрғын үй
Фото: pavlodarnews.kz

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысы Жалаулы ауылында тасқын судан зардап шеккен 5 отбасыға жаңадан үйлер салынып берілді. Өңір әкімі Асайын Байханов бүгін қуаныш иелеріне баспаналардың кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Еске сала кетейік, Биылғы сәуір айында су тасқынына байланысты Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылында төтенше жағдай жарияланған еді.

Кейін су тасқыны кезінде зардап шеккен және комиссияның шешімімен тұруға жарамсыз деп танылған 5 үй анықталып, олардың орнына жаңа құрылыстар салына бастады. 

Жалаулы ауылының жұрты бүгін баспана тойына жиналды. Үйлері тасқыннан зардап шеккен 5 отбасыға жаңадан салынған сапалы үйлер пайдалануға берілді. «Стальмонтаж» ЖШС әуел баста құрылысы 3 айға жоспарланған баспаналарды 2 айдың ішінде аяқтап үлгерді.

Абай көшесіндегі дөңестеу тұста пайда болған жаңа үйлер жайлы етіп тұрғызылған.

— Биыл біздің облысымыз бірнеше төтенше жағдайға тап болды. Соның ішінде көктемгі су тасқыны елді мекендерімізге аз шығын әкелген жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық зардап шегушілерге көмектесуді тапсырған болатын. Біз ауылдық жерлердің тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетуге барлық күш-жігерімізді шоғырландырдық. Жалаулы ауылы тұрғындарымен бұған дейінгі кездесуде қатты алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтып, аз уақыттың ішінде барлығын ретке келтіреміз деп уәде еткенмін. Ауыл жұртына төтеннен келген апаттың салдарына мойынсұнбай, қиындықтарға төтеп бергені үшін, ал өңіріміздің өзге азаматтарына көрсеткені көмектері мен демеушіліктері үшін алғыс айтамын. Жаңа үйлерге қоныстанған шаңырақтардың ырыс-берекесі арта берсін, - деді баспаналардың кілтін табыстау салтанатында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Атап өтейік, аталған баспаналарды облыстық әкімдікпен жасалған меморандум аясында ERG компаниясы өз қаражатына салып шықты. Құрылысына 100 млн теңге бөлінді. Демеушілер, соның ішінде депутаттар ауыл тұрғындарына тоңазытқыш, теледидар, салқындатқыш және өзге үйге қажет техникаларды сатып алып берді. Құрылысты салған «Стальмонтаж» ЖШС барлық үйдің сапасына өмір бойына кепілдік беріп отыр.

Еске сала кетейік, Су тасқынынан бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге Үкімет резервінен 48,7 млрд теңге қаражат қажет. 


Фото: 

Соңғы жаңалықтар