Су тасқынынан жапа шеккен 66,4 мың адам кредитін үш ай төлемейтін болды

кредит
Коллаж: Kazinform / DALL·E / Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі су тасқынынан зардап шеккен халықтың кредитін төлеу мерзімін шегерді. 

Кредит бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі жергілікті атқарушы органдардың тізімдеріне сәйкес су тасқынынан зардап шеккендерге жатқызылған азаматтарға, шағын және орта бизнес субъектілеріне беріледі.

Сондай-ақ, банктер мен МҚҰ азаматтардың кредиттерді қайта құрылымдауға өтініштерді дербес түрде қашықтан беруіне арналған онлайн-сервистерді іске асырды.

Төлем мерзімін кейінге қалдыру төлемді 3 ай мерзіміне (1 сәуірден бастап 30 маусымға дейін) тоқтата тұру арқылы ұсынылады, бұл уақытта айыппұл мен өсімпұл есептелмейді.

Бүгінгі күні төлем мерзімін кейінге қалдыру 49,6 млрд теңге сомасына кредиті бар зардап шеккен 66,4 мың азаматқа берілді.

Бизнес субъектілеріне қатысты банктер мен МҚҰ су тасқынының қарыз алушының қаржылық және шаруашылық қызметіне әсеріне жеке талдау жүргізеді.

Бүгінгі күні кредиттік ұйымдарға зардап шеккен 581 бизнес субъектісіне қатысты мәлімет берілді.

Оның ішінде 1,8 млрд теңге сомасына кредит бойынша жиынтық берешегі бар 68 қарыз алушының төлем мерзімі кейінге қалды. 

Қалған зардап шеккен бизнес субъектілері бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім белгіленген тәртіппен қабылданады.

Агенттік банктердің және МҚҰ-ның су тасқынынан зардап шеккен халық пен бизнестің кредиттері бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру мониторингін жалғастырады.

Соңғы жаңалықтар