Су тасқыны: Арнайы штаб Сағыз ауылына келді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Сағыз ауылына су басу қаупін төндірген Ноғайты өзені ақпаннан бері үш рет тасыған. Қазір өзен жағасына бөгет салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Бұдан бұрын Атырау облысының Сағыз ауылынан тұрғындар су тасқыны қаупіне байланысты эвакуацияланған еді.

Оған себеп – ауыл ішімен ағып өтетін Ноғайты өзенінің тасуы. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 29 наурызда сағат 23:00 шамасында ауыл тұрғынынан аталған өзенде су тасу қаупі туралы хабар түскен. Сағыз ауылындағы №12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Ноғайты өзенінде су деңгейі көтеріліп, арнасынан асқанын анықтаған.

Ал кеше, 30 наурызда сағат 22:00 шамасында өзен тасып, су деңгейі 3 метрге жеткен. Өзен жағалауына таяу орналасқан үйлерден 50 адам, оның ішінде 23 бала жедел эвакуацияланды. Бүгін, 31 наурызда сағат 03:30 шамасында эвакуацияланған тұрғындар үйлеріне оралды.

Осыған байланысты Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің жетекшілігімен құрылған арнайы штаб Сағыз ауылына келді. Қазір штаб мүшелері Ноғайты өзенінің жағалауына бөгет салып, бекіту жұмысын қадағалап жүр.

«Өзен суы 30 наурызда көтерілді. Сөйтіп, Сағыз ауылындағы 20-дан астам үйді су басу қаупі туындаған еді. Қауіпсіздік үшін су басуы мүмкін үйлердің тұрғындары уақытша №9 орта мектеп пен колледжге эвакуацияланды. Жергілікті әкімдіктің тиісті жұмыстарды жедел атқаруының нәтижесінде үйлерді су басу қаупі жойылды. Ешқандай үй мен қора суға кеткен жоқ. Қауіпсіздік жұмыстарына 20-ға жуық техника, әкімдік қызметкерлері, ауыл тұрғындары, өзге де мекемелер өкілдері мен еріктілерден құралған 200-ден астам адам жұмылды. Олар өзеннің осал тұстарын арнайы құм салынған қаптармен және топырақпен бекітті», -деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Сағыз ауылы тұрғындарының айтуынша, Ноғайты өзені биылғы ақпаннан бері үш рет тасыған. Бүгін Ноғайты өзенінің арнасындағы су деңгейі төмендеді. Тұрғын үйлерді су басу қаупі сейілді.


Соңғы жаңалықтар