Су тасқыны: БҚО-ның тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланды

None
Фото: Мирас Айболатов
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында көктемгі су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың мәлім еткеніндей, бұл туралы бүгін жедел штаб отырысында хабарланды.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде ауданда күрделі жағдай қалыптасып отыр.

Соңғы күндері қардың күрт еруі салдарынан аудандық маңызы бар Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай, Шыңғырлау-Алмаз, Шыңғырлау-Ардақ-Ақтау автожолдарын төрт жерден су шайды.

Атап айтқанда, Қуағаш өзені тасып, Алмаз ауылына кіреберіс жердегі үш темір құбырдан өтіп үлгермеген су жолдан асып кетті. Алмаз ауылында 4 әлеуметтік нысан, 137 тұрғын үй бар, оларда 454 адам тұрады. Жалпы мал саны 3 мыңға жуықтайды.





«Аталған елді мекенге аудан орталығы және ауылдармен қатынас тоқтатылып, оқиға орнында кезекшілік ұйымдастырылды. Жергілікті атқарушы орган мен мекеме қызметкерлері, техникалар түгел жұмылдырылды», деді аудан басшысы.

Сонымен қатар Шыңғырлау-Ардақ-Ақтау автожолының 60-шақырымында су шаю оқиғасы болды. Ақтау ауылында 3 әлеуметтік нысанға қоса, 103 тұрғын үй (426 адам) бар. Мал саны – 8731. Қазіргі таңда елді мекенге су тасқынынан келер қауіп жоқ. Жол қозғалысы уақытша тоқтатылды.





Сол секілді Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай автожолының 106 және 108,6 км тұсында еріген қар суы жолдың екінші бетіне шығып кетті.

«Төтенше жағдайлар туралы шешімге сәйкес аудан бойынша тиісті іс-шараларды атқаратын боламыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Әлия Мұханбетжанова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданында төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Орал қаласында төтенше жағдай жарияланды.






Соңғы жаңалықтар