Су тасқыны қаупі бар жерге үй салуға жол берген лауазымды тұлғалар жазасын алуы тиіс – Мәжіліс депутаты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Су тасқыны қаупі бар жерге үй салуға жол берген лауазымды тұлғалар жазасын алуы тиіс. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ғалымжан Елеуов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: parlam.kz

«Жыл сайын болатын су тасқындары азаматтарымыздың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіріп қана қоймай, отандастарымыздың моральдық-психологиялық деңгейіне де кері әсер етуде. Үкімет, су тасқынына қарсы жүздеген миллиард теңге бөледі. Алайда, нәтиже жоқ десе болады. Мысалы, биыл Ақтөбе облысының Қобда ауданында су тасқынынан 79 үй, дәмхана, мектеп пен спорт кешені, ал Ойылда 25 үй зардап шекті. Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласы мен жанындағы ауылдарда 180-ге жуық үйді су басты. Сонымен қатар, Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында жауған жаңбыр мен еріген қар суы салдарынан 2 рет су тасқыны болып, тас жол бұзылып, маңындағы ауылдарға қауіп төндірген. Ол 259 отбасының ғана көз-жасы емес, тұтас халықтың басындағы қиындық», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдаған Ғалымжан Елеуов.

Оның атап өтуінше, «AMANAT» партиясы зардап шеккен тұрғындарға құрылыс материалдарымен көмек көрсетуде.

«Су кетер. Су кеткенмен үйлерден дымқыл кетпейді, адамдардың жүрегінде сызат қалады, азаматтар үйдегі дымқылдан туберкулезге, басқа да психологиялық қысымға душар болады. Осы орайда мынадай сұрақ туындайды - біз неге жыл сайын өзіміздің азаматтарды осындай қиын жағдайда қалдырамыз? «AMANAT» фракциясы Үкімет су тасқынына қарсы келесі іс-шараларды шұғыл қабылдауы қажет деп есептейді: Біріншіден, Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарындағы тасқыннан зардап шеккен барлық отбасыға жедел түрде материалдық көмек көрсетуі тиіс. Екіншіден, тасқынның салдарынан баспанасынан айрылған азаматтарға жедел үй салып беру басты міндет. Үшіншіден, еліміздің барлық аумағында Су тасқыны қаупі бар жерлердің картасы жасалуы қажет», - деді ол.

Мәжіліс депутатының атап өтуінше, төртіншіден, су тасқыны қаупі бар жерлердің барлығында тасқыннан қорғайтын дамбалар, контррегуляторлар, су өтетін өткелдер салу аса маңызды. Тасқынның салдарымен күреспей, оның алдын алу қажет.

«бесіншіден, жаз кезінде Қазақстанда су ресурстарының жетіспейтіндігін есептесек, жаңа дамба, плотиналар салу елді мекендерді қорғап қана қоймай, ауыл шаруашылығына көмектестетіні анық. Алтыншыдан, су тасқыны қаупі бар көптеген жерлерде жергілікті атқарушы билік үй салуға жол берген. Соның нәтижесінде жеке тұлғаларға да, мемлекетке де орасан зор шығын келіп отыр. Бұл жерлерді кім бергенін тексеріп, заңсыздыққа жол берген лауазымды тұлғалар жазасын алуы тиіс», - деді Ғалымжан Елеуов.


Соңғы жаңалықтар