Су тасқыны: Самарлықтар үйлеріне қайта бастады - ШҚО

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Көкпекті ауданының Самар ауылына дамбыдан қауіп төніп, 200-ден астам қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Бүгін бөгеттегі судың деңгейі түсіп, тұрғындар үйлеріне қайта бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Су тасқыны: Самарлықтар үйлеріне қайта бастады - ШҚО

31 наурызда 6 сағат бойы тынбай жауған жаңбыр Самар ауылының үстіндегі Лайлы су бөгетінің деңгейін көтерген болатын. Нысан басындағы кезекші топ жағдайды дер кезінде байқап, сақтық үшін Самар ауылындағы 90-нан астам үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 20-сы мектеп-интернатты уақытша паналауда. Бүгін дамбыдағы су деңгейі 1,5 метрге түсіп, қауіптің беті сейілгендей болды.

«Ешбір үйге су кірген жоқ, бос тұрған бір үйдің ауласына ғана жайылды. Қазір ол сорғытылды. Біз Самардың жоғары жағында тұрған Лайлы дамбысы жарыла ма деп қауіптенгенбіз. Сол үшін тұрғындарды алдын ала көшірдік. Лайлыдан жоғары Карповка деген қар суын жинайтын тоған бар. Таудан аққан қар суы сол тоғанға сыймай Лайлының суын көбейткен. Лайлыға сыймаған су төмендегі Ешкібас бөгетіне құйылуы керек болатын. Екі ортадағы канал мен Жұбандық өзенінің арнасына қатқан мұз суды бөгеп жазық далаға жайылды. Салдарынан ауыл ішіндегі жолдар бүлінді. Бір тәуірі күн күрт суытып, Лайлының деңгейі түсті. Тұрғындар кешке қарай үйіне қайта бастады» - дейді аудандық төтенше жағдайлар және жедел дайындық бөлімінің басшысы Қуаныш Анкебаев.

Самар ауданының жағдайын тікелей бақылау үшін ауданға облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов барды. Ол «Қазсушар» мекемесіне бөгеттер арасындағы каналдарды тазартып, арықтардың жолын ашуды тапсырған. «Қазсушар» мекемесінің басшысы Александр Лукин жергілікті кәсіпкер Александр Федосовпен  арықтарды тазалау үшін техника жіберуге келіскенін мәлімдеді. Қазір аудандағы барлық су бөгеттерінде тәуліктік мониторинг жұмыс істеп тұр.