Су тасқынына дайындық: Ел аймақтарынан 21,6 млн текше метр қар шығарылды
Министрлік таратқан мәліметтерге қарағанда, биылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында 2020 жылы еліміздің өңірлері 148 шақырым қорғау бөгеттерін салу және жөндеу, жағалауларды нығайту, су тасқыны қаупі бар өзендердің 371,6 шақырым арнасын тереңдету, 12,2 мың шақырым су бұру арналарын орнату, арналарды (4791 дана) және арықтарды (5225 дана) және су өткізу құрылыстарын тазалау бойынша жұмыстар жүргізді.
Су тасқынымен күресу үшін материалдық ресурстар дайындалды. Олар: бұл 3,3 мың тоннадан астам жанар-жағармай, 228,4 мың тонна инертті материалдар, 912 мың дана құм салынған қап, су тасқыны кезеңінде жарылыс жұмыстарын ұйымдастыру бойынша 21 шарт жасалды.
Сонымен қатар елді мекендерде 964 рейд жүргізілді, 966 жиын өткізілді, оның барысында су тасқыны кезіндегі іс-қимыл қағидалары бар 189266 жадынама таратылды.
Жергілікті атқарушы органдар 21,6 млн. астам текше метр қар шығарды. Елді мекендерден қар шығару жұмыстары жалғасуда.
Жеке құрамнан жалпы саны 10 мыңнан астам адам және 1,8 мыңнан астам бірлік техника мен құралдар (оның ішінде ҰҰ ә/б бөлімшелері және ЖП) жасақталды.
Су тасқынына қарсы күрес және зардап шеккен халықты эвакуациялау үшін ТЖМ-де 1863 бірлік техникалық құрал бар.
«Су басу қаупі аз өңірлерден қосымша резервтік топтар жасақталды. Олардың құрамында 1047 адам бар. Сондай-ақ оларға қажетті 121 бірлік техника, 47 жүзу құралы және 127 мотопомпа бар. Сондай-ақ Көкшетау техникалық техника институтының жиынтық жасағы мен «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтары жоғары дайындыққа келтірілді. Зардап шеккен халыққа палаталы лагерь орнату үшін ТЖМ жедел резервінің мүлкі мен техникасы дайындалды»,-делінген ҚР ТЖМ баспасөз қызметі тартқан ақпаратта.