Су тасқынына қарсы комиссия Қостанай облысындағы қауіпті аймақты тексерді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлық су тасқынына қарсы комиссия мүшелері қауіпті аймақтарды аралап көрді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Комиссия Таранов, Денисов, Жітіқара, Қамысты және Наурызым аудандарындағы қар еріп жатқан аймақты тексерді. Қостанай облыстық ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, авиатексерудің бағыты мынадай болған: Қостанай қаласы - Варваринка ауылы - Свердловка кенті - Комаровка кенті - Чайковский кенті - Мариновка кенті - Желқуар су қоймасы - Волгоградский кенті - Пушкино ауылы - Буревестник ауылы - Дәмді ауылы - Қарамеңді ауылы -Қостанай қаласы - Воскресеновка ауылы - Суриковка ауылы - Қостанай қаласы.
Комиссия мүшелері Аят, Тобыл, Желқуар, Жойылма, Берсуат, Мұқыр-Аят, Синташта, Қамысты-Аят және Шортанды өзендерін бақылап шықты.
«Таранов ауданының орталығындағы Аят өзеніне Ресей Федерациясы аумағынан су ақпаған,- деп атап өтті ТЖД баспасөз қызметі.
«Қар жамылғысы біртұтас, еріген қар суы арнаға қарай ақпаған. Аралап ұшып шыққанда байқағанымыз бойынша, облыстағы өзендерде мұз жамылғысы жатыр. Қаратомар су қоймасынан Құнай кентіне дейін аңғарлар таза, ешқандай мұз жоқ. Приреченка, Чайковское, Мариновка, Пушкино ауылдарының маңайында біртұтас қар жамылғысы жатыр, еріген қар суы аңғарларға келіп ақпай жатыр».
Дәл осы жағдай басқа да елді мекендерде орын алуда, жаппай қар мен мұздың еруі байқалмайды. Синоптиктері таяу күндері ауа температурасы 20 градусқа дейін көтеріліп, оның соңы нөсерге ұласады деп болжауда. Бұл өңірдегі жағдайды өзгертуі мүмкін.
