Су тасқынынан тиімді қорғану үшін арнайы бағдарлама қажет - И. Әбішев

Бұл туралы Парламент Сенатының Өңірлік даму және табиғатты пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысы барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасыИслам Әбішев мәлім етті.
Комитет төрағасының айтуынша, соңғы үш жылдың ішінде республика бойынша болған су тасқынының салдарынан 12 мыңға жуық құрылыс нысандары зардап шегіп, мемлекет тарапынан 50 млрд. теңге жұмсалды. Оның сыртында қайырымдылық қорлары мен демеушіліктен түскен миллиондаған қаражат тағы бар. «Мен өзім оңтүстік өңірді жақсы білемін. Ол жерде су тасқынының алдын алуға болады. Мысалы, жазық жерде орналасқан бір ауылды алсақ, осы ауылды қоршап, биіктігі 1,5 метр болатын қоршау жасасақ, біраз қаражатты үнемдеуге болады. Оның құны 4-5 млн. теңгеден аспайды. Сонда мың елді мекенді осылай қоршап алсақ, 4-5 млрд. теңгеге барлық шаруаны тындыра аламыз. Сол сияқты таулы жерлерде де топырақтан шағын дамбалар тұрғызуға болады. Біздің басты проблемамыз - су тасқынымен қаңтар-ақпан айларында айналысамыз. Меніңше, бұл жұмысты тұрақты түрде атқару қажет. Негізі, бізде су тасқынына қарсы нақты бағдарлама әзірленуі тиіс», - деді ол.