Су тасқынынан зардап шегіп отырған сайлаушылар өзге учаскелерде дауыс бере алады - Қ.Тұрғанқұлов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Су тасқынынан зардап шегіп отырған сайлаушылар өзге учаскелерде дауыс бере алады.
Бұл туралы бүгін ШЫҰ бас хатшысы Дмитрий Мезенцевпен кездесуі барысында ҚР Сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, тасқын сулардан қиын жағдайды кешіп отырған сайлаушылар өздерінің конституциялық құқығын, яғни сайлау құқығын жүзеге асыра алады. Олар үшін есептен шығару куәліктері беріледі.
«Көктемгі су тасқынына қатысты кейбір облыстардағы қалыптасқан ахуалды білесіз. Бүгін есептен шығару куәліктеріне қатысты қаулы қабылдадық. Бұған дейін жалпы сайлау кампаниясының шеңберінде куәліктер санын 1 пайыз көлемінде лимиттегенбіз. Енді ол шектеуді алып тастадық», - дейді ол.
Дегенмен, сайлауда бір адамның екі мәрте дауыс беруіне жол берілмейді.
«Әрбір сайлаушыға есептен шығару куәліктері берілген жерде оның есімі тізімнен сызып тасталады және ол тек белгіленген сайлау учаскесінде дауыс бере алады, дауыс берген соң одан есептен шығару куәлігі алынады. Яғни бір сайлаушы бір рет қана дауыс бере алады. Біздің жаңашылдықтар осындай», - деді ҚР ОСК төрағасы.