Су тасқынының алдын алу: ШҚО-да арнайы штаб құрылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында су тасқынының алдын алу үшін арнайы штаб құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 3-4 наурыз аралығында өңір аумағында су тасқыны кезеңіне дайындалу мақсатында «Көктем-2022» командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді.
«Бүгінде облыста азаматтық қорғау қызметі мен мүдделі органдардан арнайы штаб құрылды. Олар су тасқыны кезеңіндегі барлық іс-қимылдарды пысықтады. 2 күнде құтқару бөлімшелерінің төтенше жағдайлардың салдарын жоюға дайындығына баға беріліп, жұмысты одан әрі жетілдірудің басым бағыттары айқындалды», - делінген ақпаратта.
Аймақ бойынша жергілікті атқарушы органдар 299 мың текше метр қар шығарған. 360 шақырым арықтар мен каналдар, көлік және темір жолдардағы 1820 су өткізу құрылыстары тазаланды. 57 шақырым су бұру каналдары орнатылып, 99 мың дана ыдыс-қап, 6,4 мың тонна инертті материал дайындалды.
Наурыз айында 7 аудандағы Бұқтырма, Ертіс, Күршім, Үбе өзендерінде мұзды жару жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі уақытта облыстағы гидрологиялық жағдай тұрақты.