Су - тілсіз жау деген осы - оқиға

Бұл қайғылы оқиға Алатау ауданының "Дархан" ықшам ауданында болған. Бір жарым жастағы Аяулым үйінің жанындағы Үлкен Алматы өзені жағасында ойнап жүрген. Баланың ата-анасы басқа жұмысқа айналып кетіп, оның қалай жоғалып кеткенінін байқамай қалған.
"Біздің негізгі болжамымыз оқыс оқиға болды. Бірінші кезекте қаланың құтқару қызметінің мамандарымен су астынан баланы іздестірдік. Қараңғы түскенде іздестіру шараларын уақытша тоқтаттық. Сондай-ақ, жақын маңдағы үйлерді де тексердік. Таңертең судың деңгейін төмендету үшін уақытша дамбыны жапқанда, су жағасындағы кішігірім ағаштың тамырына ілініп қалған баланы тауып алдық", деді Алматы қаласы ІІД-нің криминалды полиция басқармасының іздестіру бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Вадим Стрельцов.
Маманның айтуынша, жазғы демалыс уақыты келісімен қауіпсіздік шаралары өзекті бола түседі. Сондықтан да әрбір ата-ана баланы қараусыз қалдыруына болмайды. Әсіресе, өзен-көлге, теңізге дем алуға барғанда аса абай болған жөн, деді В. Стрельцов.