Су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет – Олжас Бектенов

Су үнемдеу
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Түркістан облысындағы бірқатар нысанды аралап, жұмыс барысымен танысты. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барған Үкімет басшысы ондағы ғылыми зерттеу жұмыстарының барысымен танысты. 

Өткен жылы тарихи нысанға сыртқы орта мен климаттық факторлардың әсерін өлшеу датчиктері орнатылған болатын. Мұнда «Қазреставрация» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны жұмыстарын жүргізіп жатыр. Премьер-министр кесене қазақ халқы ғана емес, Түркі әлемінің мақтанышы және ұлы құндылығы екенін айта келе, ЮНЕСКО қорғауындағы тарихи ескерткішті сақтап қалу маңызды міндет екенін жеткізді. 

Мұнан соң, Түркістан облысындағы су үнемдеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл бағытта өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстарды оң бағалаған Үкімет басшысы Түркістанда қолға алынған бұл тәжірибені өзге өңірлерге үлгі ретінде тарату керектігін айтты. 

«Елде су тапшылығы бар. Тек бізде ғана емес, көрші елдерде де бұл жағдай өте өзекті болып тұр. Сондықтан көрші елдермен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ең бастысы су үнемдеуіміз керек. Су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Барлық мекеме сол жұмыстарға атсалысуы тиіс», - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар