«Су жоқ» деген сылтау емес пе? - баспасөзге шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, Мақтаарал ауданы мақтадан бөлек, енді қауын мен қарбызды экспортқа шығарады. Биыл ауданда 136,4 мың гектар суармалы егістіктің 83,5 мың гектарына мақта шиті орналастырылса, 27 мың гектарына бақша, 4,8 мың гектарына көкөніс, тағы басқа дақылдар егілген екен. «Мақтаарал ауданы экономикасының күретамыры болып табылатын ауыл шаруашылығында тың жобалар, өркенді істер қанат жайып, жаңа инновациялық әдіс-тәсілдер бойынша жұмыс жүргізуге баса мән берілуде. Баға диқандар үшін өте тиімді болып тұр. Қауын-қарбыз еліміздің солтүстік облыстарына және алыс-жақын шет мемлекеттерге жөнелтілуде», - деп хабарлайды басылым. «Қауын-қарбыз экспортқа шығарылуда» деген мақаланы оқи отырып, Мәскеу мен Беларуссияға кеткен алғашқы экспорттар туралы толығырақ мәлімет ала аласыздар.
Сондай-ақ, бас басылым Маңғыстау өңірін көгалдандыру мәселесіне назар аударып отыр. «Рас, Маңғыстау климаты жағынан шөлді аймақ. Жаңбыры сирек даланың өн бойында өзен, көл сынды табиғи су көздері тағы жоқ. Іргеде толқыны тулап жатқан қарт Каспийдің телегей суын кез келген мақсатта кәдеге жарата беру мүмкін емес. Тұздылығы жоғары тұйық теңіз көзінен алынған суды арнайы қондырғылар арқылы тұщытып, Ақтау тұрғындарын ауыз сумен қамтып отырғанына шүкір деуге тура келеді. Бұл жағдай аймақтың, әсіресе, облыс орталығы Ақтау қаласының жасыл желек жамылып тұрмай, «жалаңаш қала» атануына себеп. Ақтаудың жасыл қала емес екендігі келіп-кетуші қонақтардың алдымен көзіне шалынып, көңілін жүдетеді» деп жазады газет тілшісі. Бірақ, жыл сайын облыс орталығын көгалдандыру, абаттандыру мақсатында қыруар қаржы қаралып, еңбек күштері жұмылдырылып, бірнеше мыңдаған түп ағаш түрлері мен бұталар отырғызылып жатады. «Тіпті, олардың есебінің көптігі сондай, бірнеше жылдарғы еңбектің нәтижесінде ендігі Ақтау көк шөппен көмкерілген, күлтелі гүлдері құлпырып, сан түрлі ағаштары көкпен таласқан көрікті қалаға айналуы керек еді...» деген басылым өкінішке қарай, олай емес екендігін айтып, мәселе қозғап отыр. Бұл туралы толығырақ «Су жоқ» деген сылтау емес пе?» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
Қазақстан, Ресей, Беларуссия, Қытай, Пәкістан, Ұлыбритания мен АҚШ-тың арнайы бөлімшелерінің қызметкерлері Спасск әскери полигонында өтіп жатқан «Алтын үкі-2016» мергендер жарысында күш сынасып жатыр екен. Бұл туралы «Экспресс К» газеті хабарлап отыр. «Бұл жаттығулардың басты мақсаты мергендердің денесін шынықтырып, олардың төзімдігін арттыру. Тіпті, психологиялық жаттығулар арқылы, оларды сабырға үйрету. Сондай-ақ мергендер арасында нағыз мергенді анықтап, марапаттау көзделген» деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ газеттің бүгінгі санындағы «Снайперы не пьют молоко» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
«Время» басылымының хабарлауынша, WBA (Super), IBO, WBC және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин былтыр 10 млн теңгеден астам салық төлеген. Бұл туралы басылымға Алматы қалалық мемлекеттік кіріс департаменті басқармасының басшысы хабарлаған екен. Басылымның хабарлауынша, атақты әншілер, атап айтсақ, Дильназ Ахмадиева, Бүркіт, Асхат Тарғыновтар әлі күнге дейін салықтан жалтарып, өздерін жеке кәсіпкер ретінде тіркемей жүр екен. Бұл туралы толығырақ «Время» басылымының бүгінгі санынан оқи аласыздар.