Суармалы жерлерге су беру жақсарады: 1800 шақырым канал тазартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» РМК филиалдары 1800 шақырым каналды механикалық тәсілмен тазалады.

а
Фото: Gov.kz

Жыл соңына дейін тағы 411 шақырым каналды тазалау жоспарланып отыр. Осылайша, Қазақстанда каналдарды механикалық тәсілмен тазалау қарқыны артып келеді.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы «Қазсушар» РМК филиалдары 1840 шақырым каналды тазаласа, 2024 жылы 1147,6 шақырым, ал 2023 жылы 678 шақырым канал тазартылды.

Сонымен қатар суару желілерін ауқымды реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырым болатын каналдарда жұмыс атқарылып жатыр. Жыл соңына дейін 962 шақырым каналды пайдалануға беру жоспарланған. Бұл шамамен 200 мың гектар суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік береді.

— Каналдарды механикалық тәсілмен тазалау суармалы жерлерге су беру сапасын жақсартып, су ысырабының көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл вегетация кезеңінің тұрақты өтуіне ықпал етеді. Тазалау жұмыстары қарқынының артуы «Қазсушар» РМК арнайы техника паркін жаңартумен байланысты. Былтыр кәсіпорынға 576 жаңа техника бөлінді. Бұдан бөлек, тариф қаражаты есебінен тағы 135 техника сатып алынды, — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.

Бұған дейін суармалы жерлер үшін Ертіс бассейнінен 160 млн текше метр су бөлінгенін жазғанбыз.