Субсидия алғандардың 3 мыңы агроөнеркәсіп кешенінің субъектісі емес — Әлихан Смайылов

АСТАНА. KAZINFORM – Субсидияларды ұсыну тетіктеріне 5 жылдың өзінде 70-тен астам өзгеріс енгізілді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ауыл шаруашылығындағы субсидияның тиімділігіне қатысты аудит қорытындысын жариялау кезінде Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

Әлихан Смайылов
Фото: Жоғары аудиторлық палатасы

— Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын тиімділігі жоғары сала деңгейіне жеткізу міндетін алға қойды. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды екенін атап өтті. Инновацияларды енгізуге және агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуға ерекше назар аударылады. Бұл ретте аграрлық сектордағы тиімді мемлекеттік реттеу өте маңызды рөл атқарады. Ауыл шаруашылығының экономикалық маңыздылығы жоғары бола тұра, өкінішке қарай, жалпы ішкі өнімге қосатын үлесі аз екенін көріп отырмыз — орта есеппен 5%-ға жуық. Негізгі себептері белгілі: өнімділіктің төмен болуы, суармалы жер көлемін ұлғайту қарқынының баяулығы, суды тиімсіз пайдалану, көлік-логистикалық инфрақұрылымның әлсіз дамуы, материалдық-техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі және басқалар, — деді Ә. Смайылов.

Осы орайда ол Мәжілістің тапсырмасына сәйкес Жоғары аудиторлық палата тиісті аудит жүргізгенін айтып, соның негізгі қорытындыларын жариялады. 5 жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінді. Алайда бірқатар жүйелі проблемалар олардың әсерін шектеп отыр.

— Біріншіден, саланы дамытуда стратегиялық жоспарлаудың кемшіліктері мен сабақтастықтың болмауы анықталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы 10 жылда бірнеше бағдарламалық құжат қабылдады. Олардың көбі соңына дейін жеткізілмеген. Іске асыру барысында мерзімінен бұрын күші жойылған. Басымдықтар үнемі өзгеріп отырды. Бұл саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесін құруға кедергі келтірді. Ал бұрмаланған ведомствалық статистикалық деректер нақты бағдарларды қалыптастыруға теріс ықпалын тигізді. Нәтижесінде, жекелеген нысаналы индикаторлар тым жоғары деп танылып, соңынан төмендетілген. Бірақ, бұл да Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларының 40%-дан астамының табысты іске асырылуын қамтамасыз ете алмады, — деді аудиторлық палата төрағасы.

Оның айтуынша, субсидиялау жүйесінде де кемшіліктер бар. Субсидиялардың түрлері мен бағыттары үнемі өзгеріп отырды. Оларды ұсыну тетігі де іске асыру барысында өзгерген.

— 5 жылдың өзінде 70-тен астам өзгеріс енгізілді. Ережелер жекелеген жағдайларда кешіктіріліп қабылданған. 5 жылдан астам уақыт өтсе де, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұлғайтуды субсидиялау жөніндегі ережелер әлі де жоқ. Бұл осы бастамалар ұсынылған уақытта субсидиялау тәсілдерінің пысықталмауы себебінен орын алып отыр. Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жаңашылдықтарға бейімделуі үшін көп күш жұмсауы тиіс. Осындай жағдай мемлекеттік қолдау шараларына сенімсіздіктің туындауына әкеледі. Сонымен қатар, субсидиялау көлемі артып келеді, алайда оларды тиімді пайдалану мәселесі шешілген жоқ. Субсидиялаудың нақты басымдықтары белгіленбеген. Бұл субсидия қаражатын көптеген бағытқа шашуға ықпал етеді. 17 бағыт бойынша 67 субсидия түрі бар, ал олардың әсері шамалы. Сонымен қатар нақты нысаналы индикаторлар айқындалмаған, — деді Әлихан Смайылов.

Сарапшылардың бағалауына қарағанда, бағыттардың көптігіне байланысты субсидиялардың бірқатары 2 есе аз қаржыландырылады. Көп жағдайда субсидия алуға берілген өтінімдердің орындалуы 2 жылға дейін созылады. Субсидия алушыларға бағалау жүргізілмейді.

— Мұның бәрі өз қызметін субсидия алғанға дейін немесе одан кейін тоқтатқан 2,5 мыңнан астам субъектіге 5 млрд теңге субсидия төленуіне әкеп соққан. 5,4 млрд теңгеге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес. Мұндай жағдайларда субсидиялаудың тиімділігі туралы айтудың өзі де қиын, — деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті төрағасы Серік Егізбаевпен субсидиялау шаруаларға қандай жаңа мүмкіндіктер беретіні жөнінде сұхбат жарияланған болатын. 

Соңғы жаңалықтар