Субсидия төленбеген: Алматыда автобус тапшылығы туындауы мүмкін

АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматыда жеке тасымалдаушы компаниялар субсидия төлемі кешіктірілгендіктен, автобустарды азайтты. 

Субсидия төленбеген: Алматыда автобус тапшылығы туындауы мүмкін
Фото: Алматы әкімдігі

Әлеуметтік желіде автобус тасымалдаушы 23 компанияның 2 қарашадан бастап автобустар санын қысқарту туралы өтініші тарады. Олар автобус санын 30%-ға қысқартатынын айтады.

Себебі оларға субсидия төленбеген. Әкімдіктің жеке автобус компаниялары алдындағы берешегі шамамен 15 миллиард теңгеге жетті.

Соның салдарынан көлік компаниялары жанармай мен қосалқы бөлшектер жеткізушілеріне қарыз болып қалған.

Соңғы түскен субсидия қаражаты негізінен қызметкерлердің жалақысын төлеуге, салық пен әлеуметтік аударымдарды өтеуге кеткен.

Алматы қаласының жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы тасымалдаушыларға субсидияның қалған бөлігін төлеуден бас тартпайтынын мәлімдеді.

Басқарма тасымалдаушыларға бекітілген жоспарға сәйкес автобустардың толық құрамда шығуын қамтамасыз ету қажеттігі туралы ескерту жолдағанын мәлімдеді.

Ал субсидия мәселесі қалалық бюджетті кезекті нақтылау кезінде қаралады дейді.

— 2026 жылдың басынан бері бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында субсидия көлемін кезең-кезеңімен оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, жолаушылар ағыны ескеріліп, кейбір автобус бағыттарының қозғалыс кестесі өзгертілген. Жыл бойы субсидия бойынша есеп айырысу бұрын қолданыста болған және кейін түзетілген қаржыландыру көлеміне сәйкес жүргізілген, — делінген хабарламада.

Мәлімдеуінше, маршруттар желісіне, автобустардың толымдылығына және жолаушылардың нақты ағынына талдау жасалып жатыр.

Сондай-ақ жолақы төлемінің деңгейін арттыру және жолаушылар есебінің дәлдігін қамтамасыз ету үшін бірыңғай бақылау-желілік қызметін енгізу қолға алынған.

Еске салсақ, Алматы әкімдігі автобус рейстері неліктен қысқартылғанын түсіндірген еді. Қалада автобустардың жұмыс кестесі өзгертілді.