Субсидиядағы кемшіліктер: министр жазаланған қызметкерлерге қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров субсидия мәселесінде кемшіліктерге жол беріп, әкімшілік жауапқа тартылған министрліктің лауазымды қызметкеріне қатысты пікір айтты.
- Жүйеде балансқа қоймау дерегі анықталды. Бұл тұрғыда бухгалтермен бірге тиісті жұмыстар атқарылуы керек еді. Сонымен қатар, тиісті жүйе ақпараттық қауіпсіздіктен өтпеген. Бұл мәселелерге қатысты цифрландыру департаментінің басшысы жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, олар енді бақылауды күшейтуі керек. Бір қызметкерге (әкімшілік жауапкершілікке тартылған) сөгіс жарияланды, екіншісіне - айыппұл салынды. Егер жұмыстарында осы кемшіліктерін жоймаса, онда қызметінен босатылады, - деді А. Сапаров Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұған дейін хабарланғандай, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығындағы субсидияның тиімділігіне қатысты аудит қорытындысын жариялады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңірлердегі басқармалардың 8 лауазымды қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар, жалпы аудит нәтижелері бойынша 142 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 2 млрд теңгеге қаржы саласындағы талаптарды бұзу деректері анықталды. 4 факт бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі.