Субсидияланатын авиабағдарларға конкурс өткізудің ережелері бекітілді

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат - Азаматтық авиация саласының қолданыстағы заңнамасына өзгерістер енгізілуіне байланысты Субсидияланатын бағдарларға және жолаушыларды, багажды, жүкті және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қызметін көрсететін субсидияланатын авиабағдарларға куәлік беру конкурсын өткізудің ережелері бекітілді.
None
None

Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Министрлік ішкі авиақатынастарды дамыту шараларын ұдайы жүргізіп келеді. Айталық, өңірлік бағдарлар бойынша авиақатынастарды сақтап қалу үшін авиакомпаниялар үшін коммерциялық пайда жөнінен тартымды емес, бірақ тұрғындардың сұранысына ие авиабағдарларды республикалық бюджеттен субсидиялау жыл сайын ескеріліп отырады», - делінген таратылған баспасөз айғағында.

Жаңа Ережелерде жолаушыларды, багажды, жүкті және пошта жөнелтімдерін тасымалдау қызметін көрсету үшін авиакомпаниялардың тұрақты авиарейстер жасау құқығына ие болу конкурстарын өткізу тәртібі, сондай-ақ конкурсқа қатысушыларға қойылатын квалификациялық талаптар, субсидияланатын авиабағдарларға рұқсат куәлігін беру тәртібі белгіленген.

Жаңа Ережелерге сәйкес, конкурсқа Қазақстан Республикасында тіркелген, эксплуатант сертификаты бар және қауіпсіздіктің барлық талаптарына сәйкес келетін авиакомпаниялар ғана жіберіледі. Сонымен бірге, авиакомпанияның тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалын орындауға рұқсаты болуы шарт.

Мұның сыртында авиакомпанияның салық және бюджетке басқа да міндетті төлемдер жөнінен қарыздары болмауы керек.

Маңызды өлшемшарттардың бірі - авиакомпанияның қаржы қаражатының төмендемейтін резерві болуы. Бұл болжанған пайданы есепке алмай-ақ белгіленген кесте бойынша бір ай бойы тұрақты әуе қатынасын қамтамасыз ету үшін қажет.

Конкурс жылына бір рет өткізіледі де соның нәтижесі бойынша әлеуметтік маңызы бар бағдарлар бойынша жолаушыларды, багажды, жүкті және пошта жөнелтілімдерін тасымалдайтын авиатасымалдаушылар анықталады.

Қазіргі таңда 46 ішкі авиабағдар бойынша тұрақты ұшулар жүргізіледі. Оның ішінде республикалық бюджеттен субсидияланатын 8 авиабағдар бар. Субсидияланатын бағдарларға Астанадан Семейге, Жезқазғанға, Петропавл мен Павлодарға авиарейстер, Алматыдан Көкшетауға, Петропавлға, сонымен бірге Қарағандыдан Қызылорда мен Өскеменге бағытталған рейстер жатады.

Ағымдағы жылдың ІІ тоқсанында субсидияланатын бағдарлар тізбесіне Алматын Үржарға және Көкшетаудан Өскеменге қатынайтын рейстерді қосу жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар