Субсидияланған ауыл шаруашылығы өнімдерінің бір бөлігі ішкі нарықта сатылуы тиіс - Премьер

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысын өткізіп, онда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
None
None

Қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және тасымалдау, сондай-ақ құс шаруашылығы, тұқым шаруашылығы және қант шығаруды дамыту мәселелерін талқылады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев АӨК-ті субсидиялау жүйесін реформалау бойынша рәсімдерді оңайлату, қолданыстағы бағыттарды оңтайландыру және субсидиялардың жаңа түрлерін енгізу, инновацияларды пайдалануды ынталандыру және ауылда кооперацияны дамытуды көздейтін жаңа тәсілдер әзірленгенін айтты.

Бұл ретте субсидиялаудың барлық бағыттары бойынша мемлекеттік қаражат алушылар үшін бақылау құралдары мен қарсы міндеттемелерді енгізу жоспарланып отыр.

Премьер-Министр түзетулер пакеті шеңберінде өнімнің бір бөлігін ішкі нарықта сату бойынша міндеттемені қарастыру қажет екенін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер субсидия алып, барлық өнімдерді экспортқа шығарып жатқанын көріп отырмыз. Кейбір позициялар бойынша тапшылық байқалады, ал бұл бағаның өсуіне әкеледі. Сондықтан, өнімнің бір бөлігі ішкі нарықта сатылуы керек. Мұны өндіріс пен тұтыну көлемінің негізінде анықтау қажет», - деді Әлихан Смайылов. Үкімет басшысы салалық ведомствоға осы шараны пысықтауды тапсырды.

Отырыс барысында «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС бас директоры Фарид Абитаев тауар өндірушілердің коммерциялық банктерге тәуелділігі мәселесін көтерді, себебі аграршылар несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды автоматты түрде жоғалтуына байланысты қолдаудың жеңілдікті бағдарламаларына ауыса алмайды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне бұл мәселені қысқа мерзімде пысықтау тапсырылды.

«Қазір «Атамекен» ҰКП-мен бірге кәсіпкерлерге қойылатын талаптар қайта қаралып жатыр. Субсидиялау ережелеріне сәйкес, бизнес тап болатын барлық түсініксіздіктер мен қайшылықтарды олардың көмегімен жою бойынша жұмыс жүргізу қажет. Мұны қысқа мерзімде жасау керек», - деді Әлихан Смайылов.

Отырыста «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС құрылтайшысы Болатбек Нәжметдинұлы тағы бір проблемалық мәселені көтерді. Оның айтуынша, өңірлерде жергілікті жанар-жағар май құю бекеттері дизель отынын транзиттік көліктерге құюды жөн көреді, ал төмендетілген бағамен алатын отандық машиналар отынсыз қалады.

«Жаңа төлем жүйесі дүйсенбіден бастап енгізілді. «Талапқа бағынбаған» жанармай құю бекеттерінің лицензиясын қайтарып алуға дейін жазалаймыз. Сондықтан, бұл мәселе жақын арада реттеледі», - деді Премьер-Министр.

Талқылауды қорытындылай келе, Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы саласында жоспарланып отырған реформалардың негізгі міндеттері – өнімділікті арттыру және соның есебінен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Бұл ретте тиімділікті арттыру үшін жаңа тәсілдер бизнес-қоғамдастықпен пысықталып жатыр.



Фото: primeminister.kz




Соңғы жаңалықтар