Субсидиялар тізбесін қайта қарау қажет — Жоғары аудиторлық палата
АСТАНА. KAZINFORM — Субсидиялаудың қарапайым және айқын алгоритмі қажет. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ауыл шаруашылығындағы субсидияның тиімділігіне қатысты аудит қорытындысын жариялау кезінде Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

— Субсидия алушылардың көпшілігі мұндай қолдау шараларын түпкілікті нәтижеге көздемей, өздерінің шығындарын өтеу бойынша мемлекеттің міндеті ретінде бағалайды. Субсидияларды төлеу «әлеуметтік сипатқа» ие болып отыр. Мемлекет басшысы 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек», — деп нақты атап өтті. Қарсы міндеттемелердің қажеттілігі Агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасында белгіленіп, 2022 жылдың соңынан бастап енгізілуі керек болатын. Іс жүзінде олар 17 субсидия бағытының төртеуіне ғана енгізілген. Қарсы міндеттемелерде нақты, оңай бақыланатын көрсеткіштер болуы керек және субсидиялардың нәтижелілігін көрсетуі тиіс. Ең алдымен, олар өнімділіктің жоғарылауына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етуі қажет, — деді Ә. Смайылов.
Оның айтуынша, бірақ қарсы міндеттемелерді айқындаудың қолданыстағы тәсілдері мұны қамтамасыз етпейді. Олардың орындалуын тексеру алгоритмі құрылмаған. Субсидиялардың 15 бағыты бойынша міндеттемелердің орындалу фактісін растайтын есептілік нысандары жоқ.
— Жоспарлау кезеңінде бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерін айқындауға Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылы ғана кіріскен. Алайда барлық бағытты қамтымады. Бұл ретте, мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығындағы бюджеттік субсидиялардың экономикалық әсерінің көрсеткіші жай ғана өндіріс көлемінің өсуімен шектеледі. Бұл ауыл шаруашылығындағы сапалы өзгерістерді көрсетпейді, — деді аудиторлық палатаның төрағасы.
Сонымен қатар ол субсидиялау процесін автоматтандыру бағытына тоқталды. «Gosagro.kz» мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесі енгізілді. Дегенмен жүйені толығымен іске қосу жұмысы әлі де аяқталмаған. Жүйе тәжірибелік пайдалану режимінде 2 жыл жұмыс істеп тұр, ал ақпараттық қауіпсіздікке тексеруден өтпеген. Ол субсидиялардың негізді бөлінуіне бақылауды толық қамтамасыз етпейді.
— Анықталған кемшіліктердің едәуір бөлігін алдын алуға болар еді. Ол үшін тиісті форматты-логикалық бақылау енгізіп, басқа да мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялауды кеңейту қажет. Алайда субсидиялау шарттарына сәйкес келмейтін субъектілерге субсидиялардың төленгенін, екі қайтара және асыра субсидиялау фактілерін атап өтуге тура келедi. Жалпы, Жоғары аудиторлық палатаның ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік шараларға жүргізген талдауы тиімсіз мемлекеттік қолдауды «әлеуметтік» сипаттан өндірісті дамытуға арналған ынталандырушы шараларға қайта бағыттау қажеттігін көрсетіп отыр. Субсидиялаудың қарапайым және айқын алгоритмі қажет, шаруашылықтар түпкілікті нәтиже бойынша субсидия алуы тиіс. Сонда ғана субсидиялардың арқасында жұмыс істеп тұрған тиімсіз шаруалар одан әрі дамығысы келетін адал фермерлерге жол береді. Саланың стратегиялық құжаттарын іске асыруға бөлінетін қаражаттың әсерін барынша арттыратындай етіп, субсидиялар тізбесін қайта қарау қажет. Субсидиялар өнімділікті арттыруға және озық агротехнологияларды енгізуге ынталандыруы тиіс, — деп түсіндірді Әлихан Смайылов.
Оның пайымынша, сала субъектілеріне кредит беру, сақтандыру мүмкіндіктерін және басқа да қолдау құралдарын кеңейту қажет екені анық. Мысалы, фермерде кепіл мүлкі болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайда, мемлекеттік даму институттары тарапынан кепілдік беру маңызды.
— «Gosagro.kz» ақпараттық жүйенің басқа мемлекеттік жүйелермен интеграциясын кеңейте отырып, өнеркәсіптік пайдалануға енгізуді жеделдету қажет. Цифрландыру — субсидияларды бөлудің ашықтығына және бюрократиялық жүктеменің төмендеуіне әкелетіні анық, — деді ол.
Бұған дейін Ә. Смайылов субсидия алғандардың 3 мыңы агроөнеркәсіп кешенінің субъектісі болмай шыққанын айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті төрағасы Серік Егізбаевпен субсидиялау шаруаларға қандай жаңа мүмкіндіктер беретіні жөнінде сұхбат жарияланған болатын.