Субсидияны электронды түрде беру жұмысы қалай жүріп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев агроөнеркәсіп саласындағы субсидияны электронды түрде беру шаралары туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Субсидияны электронды түрде беру жұмысы қалай жүріп жатыр

Оның айтуынша, бүгінде осы салада субсидияның 14 түрі бар. Биыл тыңайтқыштар бойынша субсидия беру шаралары толығымен автоматты жүйеге көшірілді.

«Осы бағытта 18,2 млрд теңгенің 20 мың өтінімі электронды түрде берілді. Осы уақытқа дейін 17,1 млрд теңге өнім өндірушілерге аударылды. Барлық мәліметтер автоматты түрде тексерілді. Ал өтінімді қарау мерзімі - бір күн. Жақын арада өсімдік шаруашылығы, жанар-жағармай және тағы басқа салаларға жататын субсидияларды автоматтандыру жоспарланған», - деді А.Евниев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, жыл соңына дейін қалған субсидияларды автоматтандыру шаралары аяқталса, өтінімдерді қарау мерзімі 2,5 есе - 18 күннен бір аптаға дейін қысқарады. Ал, ең бастысы, осы саладағы сыбайлас жемқорлық әрекеттері азаяды. Себебі, цифрландырудың нәтижесінде субсидия тарататын комиссиялардың жұмысы тоқтайды. Бұдан бөлек, субсидияны беретін және алатын адамның жеке жауапкершілігі артады. Өйткені әрқайсысы электронды цифрлық қолтаңбаны пайдаланып отырғанда, электронды жүйеде бәрі айдан анық көрініп тұрады.

«Фермердің өзі реестрге түскен өтініштің қалай қаралып жатқанын және оған қатысты шешімнің қашан қабылданатынын бақылай алады. Сосын электронды жүйе қағазбасты жұмыстан құтылуға мүмкіндік беріп отыр. Құжат жинаудың қажеті жоқ. Мемлекеттік органдар арасындағы қағаз айналымы да төмендейді», - деп атап көрсетті А.Евниев.