Судья ҚазАТУ-дың студентін аямады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақ ұлттық өнер университетінде әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттері бойынша көшпелі сот отырысы өтті. Онда қоғамдық жерде темекі тұқылын тастаған студенттердің де ісі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Судья ҚазАТУ-дың студентін аямады

Мәжіліс залына алдымен жұмыс жасындағы азаматтарды бір-бірлеп кіргізіп, қоршаған ортаны ластап, темекі тұқылын тастағаны үшін үкім шығарды. Осылайша, Иван Швецов, Қайнар Шотпанов, Валентин Ожогин мен Нұрлан Ермағамбетовке 10 АЕК, яғни 22 690 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал Данабек Кәрібай мен Нұржауған Қайыргелдинге жеңілдік жасалды. Олар өз кінәсін мойындап, студент екендерін жеткізді. Алайда қай жоғары оқу орнында білім алып жатқандарын жарияламауды жөн көрді. Судья Ұлдана Сүлейменова оларға қатысты айыппұлдың көлемін 30 пайызға - 15 883 теңгеге дейін қысқартуға шешім шығарды. Студент Рустем Мақтаев болса, қай жерде оқып жатқанын ашық айтып, кінәсін мойындаса да, судья оған қатысты жазаны жеңілдеткен жоқ. Сол қалпында, яғни 22 690 мың теңге көлемінде қалдырды. ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген судья Ұлдана Сүлейменова осы шешімнің себебі түсіндіріп берді.

"Қазақ агротеxникалық университетінде біз осындай көшпелі сот отырыстарын жиі өткізіп тұрамыз. Сондықтан ол жоғары оқу орнының студенттері темекі тұқылын тастау сияқты құқық бұзушылықтың жазасы жайында жақсы біледі. Мақтаев өзі де айтып тұр, бізге келіп тұратыныңызды және ондай жауапкершілікті бар екенін білемін деп, яғни ол осындай сот мәжілістерінен қорытынды жасамай, құқық бұзушылыққа барып отыр. Сол себепті мен оған қатысты айыппұлдың көлемін 30 пайызға төмендету шарасын қолданған жоқпын", - деді Сүлейменова.

Айта кетейік, судья құрылыста жұмыс істейтін Алмас Ғабиденовтің айыппұлын да қысқартуды жөн көрді. Ал қоғамдық жерлерде алкоголь ішкен Роман Семенов пен Анатолий Свягин екі тәулікке қамауға алынды.