Судья қызметіне кәсіби заңгерлерді тартамыз - Жақып Асанов
"Жақында Мемлекет басшысы сот жүйесінің бірқатар проблемаларын атады. Соның барлығы жақын арада шешілетін болады. Меніңше, келесі жылдың алты айында нақты нәтижелер көріне бастайды. Біріншіден, судья қызметін үздік заңгерлер атқаруы қажет. Олардың арқасында адам құқықтарын барынша қорғап, күрделі істерді шешуге болады. Ал ондай істер көп. Соның ішінде зияткерлік құқық, табиғи монополияларды реттеу, қаржы, кеден және банк даулары бар", - деді Ж.Асанов БҰҰ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына арналған жиында.
Бас судьяның айтуынша, бүгінде мықты қазақстандық заңгерлер судья болғысы келмейді. Себебі ауыр жүктеменің бар екенін біледі. Оған қоса, әлеуметтік жеңілдіктер аз.
"Осыған байланысты біз конституциялық заң арқылы мықты заңгер-ғалым ретінде қалыптасқан, шетелде білім алған, құқық саласын жақсы білетін кәсіби мамандарға облыстық, тіпті Жоғарғы сотқа жол ашатын боламыз. Халыққа сапалы сот үкімі керек. Бұл - әрбір судьяның негізгі өнімі. Сот үкімі сапалы болса, xалықтың сенімі де болады. Сот шешімі қарапайым әрі түсінікті тілде жазылуы шарт. Ал, ең бастысы, онда көрсетілген барлық дәлелдер нақты және анық көрсетілуі керек. Арыз беруші оны оқығаннан кейін ары қарай соттаспаса, сот үкіміне сенім білдіргені. Міне, осыны "әділетті әрі сапалы сот" деп атауға болады. Бізге дәл осындай форматқа ауысу қажет. Бұл - Президенттің тапсырмасы", - деп атап көрсетті Ж.Асанов.