Судья лауазымына қойылатын талаптарды күшейту қажет - Мемлекет басшысы

АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еліміздің азаматтарының сот жүйесіне деген сенімін арттыру мақсатындағы барлық шараларды жүзеге асыру қажет.

Судья лауазымына қойылатын талаптарды күшейту қажет - Мемлекет басшысы

Ол үшін сот корпусының кәсіптік деңгейін ұдайы жетілдіріп, судьялар мен осы лауазымға кандидат азаматтарға қызмет сапасы бойынша қойылатын талаптарды күшейту қажет. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өтіп жатқан Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, елде судья лауазымына қойылатын талаптардың арнайы критерилерін бекіту қажет. Оған міндетті түрде кәсіптік біліктілік пен моральдық этикалық нормалар енгізілуі тиіс. Судья лауазымына тағайындалатын кандидаттарды ұсынушы лауазым иелері сол кандидаттардың әрекеттері бойынша жауапкершілікті өз мойындарына алулары керек. «Әрине, бұл мәселені әлі зерттеу қажет болар. Дегенмен, оған қатысты нақты шараларды осы кезден бастап-ақ жүзеге асыра берген дұрыс. Судья лауазымына тағайындалатын азаматтарды анықтауды жасырын дауыс беру арқылы да жүзеге асыру оңды болар еді. Бұл бағытта түрлі тәжірибелер бар. Қорыта айтқанда, судья өзінің біліктілігімен, ақыл-ой парасатымен және сыртқы кескін-келбетімен заңның үстемдігі мен әділеттілікті қамтамасыз етуі тиіс», деді Президент.

 Сонымен қатар, Елбасы сот өндіріс қысқарту мәселесіне ден қойып, сот шешімдері мен ондағы түсініксіз дүниелердің орын алуының алдын алатын барлық мүмкіндіктерді қарастыру қажеттігін айтты. «Соттағы даулардың да санын қысқартып, оларды шешудің баламалы жолдарын қарастыру қажет», деп атап көрсетті Н.Назарбаев.