Судьялар ақтау үкімдерін көбірек шығарудан қорықпау керек - Қ.Мәми
Баяндама барысында Жоғарғы сот төрағасы Бас прокуратура тарапынан қолға алынып жатқан қамауға санкция беру туралы соттарға түсетін өтініштер санын қысқарту туралы бастамаға қолдау білдірді. «Қадағалаушы органның деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері қамауға алулар саны төрт есеге азайыпты. Бұнымен қоса, кепілдік беруді қолдану тәжірибесі кеңейіп келеді. Екінші жағынан, бірінші жартыжылдықта республика соттары қараған қамауға алу санкциясы туралы 7 мың 559 өтініштің 7 мың 204-і немесе 95,7 пайызы қанағаттандырылды. Бұл нені көрсетеді? Қудалаушы органдары қамауға алуға жауаптылықпен қарай бастады дегенді көрсете ме? Бұндай жағдайда соттарға қамауға алуға санкция беруден басқа жол да қалып отырған жоқ қой», - деді Қайрат Мәми.
Сонымен қатар Жоғарғы сот төрағасы республика судьяларының істерді қарау барысында әлі күнге дейін айыптап үкім шығарудан арыла алмай келе жатқандығына назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, судьялардың ақтау үкімдері 2,1 пайызды ғана құрайды.
«Әрине, судьяларға жаппай ақтау үкімдерін шығару керек деп ешкім айтпайды. Дегенмен, ескерте кететін жайт, бізге жұмыс тәсілін өзгерту керек. Ақтау үкімдеріне шектен шығатындай қорқынышпен қараудың қажеті шамалы. Оның үстіне біздің заңнамада қазіргі күні қосымша тергеуге жіберу деген ұғым жоқ. Судья соңғы шешімді шығаруы керек. Сонымен қатар ақтау үкімдері дамыған шет елдердің күнделікті қолданатын тәжірибесі және біз де халықаралық стандарттарға сәйкес болуымыз керек», - деді Қ.Мәми.