Судьялар БАҚ өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуге ынта білдіруде
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматы қалалық сотында «Сот пен БАҚ» тақырыбында форум өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әділ сот пен әділ сөз негізгі демократиялық құндылықтарға тікелей қатысты және көптеген жағдайда бір-біріне тәуелді. Алайда, Қазақстанда сот билігі мен БАҚ арасындағы қарым-қатынаста мәселелердің бар екенін жасыра алмаймыз. Өтіп отырған форумның басты мақсаты - осы түйінді жайттарды жүйелі түрдегі диалог арқылы ашық талқылап, серіктестік пен түсінісуді нығайту», дейді Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Калеева.
Жиынға БАҚ өкілдері және еліміздің сот жүйесінің судьялары қатысып, сот үдерістері ашықтығының проблемалары мен сот тақырыбындағы мақалалардың сапасы талқыланды.
Судьялардың айтуынша, көптеген журналистер сот жүйесін түсінбегендіктен асыра сілтеп жібереді. Сот үрдісі жайында жазарда мұқият әрі сауатты жаза білу керек. Өйткені халық арасында сотқа деген кері көзқарас қалыптасады. «Әділдікті тек сот арқылы табуға болады» деген сенім-наным халық арасында қалыптасқан жағдайда ғана азаматтар өз құқықтарының заңмен қорғалғандығына көз жеткізеді, нәтижесінде заңды қастерлейтін сана қалыптаспақ.
Форум шеңберінде келесі жылы журналистерге арнап «Сот репортері нені білуі керек», «Құқықтық туралы шынайы мағлұмат» оқулықтары басылып шығатындығы және журналистер сот жүйесі тақырыбында әділ де дұрыс жазу туралы семинарлар оқылатындығы жарияланды.