Судьялар бала асырап алуға қатысты заңнаманы қолдану жайын талқылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми кезекті жалпы отырысын өткізді.

Жалпы отырыстың күн тәртібінде «Соттардың бала асырап алу туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының жобасы мен Сот жюриінің регламентін бекіту туралы екі мәселе қаралды.

Іс-шараға Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары, Ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, Конституциялық Кеңес, Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері қатысты.

Жоғарғы Сот төрағасы нормативтік қаулының жобасына тоқтала келе, соттардың бала асырап алу туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы мәселе өте маңызды әрі өзекті болып табылатындығын атап өтті. Ол Қазақстанда балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша құқықтық және ұйымдастырушылық мызғымас база құрылғанын, осы мәселеге қатысты, соның ішінде бала асырап алу бойынша халықаралық негізгі актілердің ратификацияланғандығын айтты.

«Қазақстан-2050» стратегиясында ана мен баланы қорғау мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі ретінде белгіленген. «Президент бәсекеге қабілетті болашақ ұлтты қалыптастыру мәселелеріне айрықша назар аударып келеді. Елбасы Өкімімен еліміздің тарихында тұңғыш рет Бала құқықтары жөніндегі уәкіл тағайындалды», - деді Жоғарғы Сот Төрағасы.

Қ. Мәми талқыланып отырған нормативтік қаулының жобасы дер кезінде әзірленген әрі өзекті құжат екендігіне тоқталды. Оның пікірінше, құжат ата-ананың асырауына берілетін балалардың құқықтары мен мүдделерін сотта қорғау үшін маңызды құралға айналып, судьяларға осы саладағы жан-жақты түйткілді мәселелер бойынша дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.

«Соттардың бала асырап алу туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының жобасын таныстыра келе, Жоғарғы Сот судьясы Ғалия Аққуова соңғы жылдары қазақстандықтар асырап алған балалардың саны айтарлықтай артып, керісінше, шетелдіктердің бала асырап алу қарқыны бәсеңдегендігінен хабардар етті.

«Басынан түрлі оқиғалар кешкен баланың тағдыры шешілетін сәтте, бала асырап алу секілді өте шетін мәселеде соттың соңғы шешім қабылдауы олардан іс бойынша барлық мән-жайды мұқият зерттеуді талап ететіні сөзсіз», - деді Ғ.Аққуова. Ол істердің аталған санаты ювеналдық соттардың соттылығына жататынын және қазіргі таңда бұл бағытта белгілі бір сот практикасы қалыптасқандығын айтты.

Нормативтік қаулыны қабылдауға заңнамаға енгізілген өзгерістер ықпал етті. Оның жобасы бала асырап алу бойынша нормативтік базаны қамтиды, бала асырап алу туралы өтініш берудің тәртібін, бала асырап алу рәсімін бастауға құзырлы органның жазбаша келісім ұсыну және бала асырап алу туралы өтініш беру барысында мемлекеттік баж салығын төлеу тәртібін түсіндіреді.

Жобаны талқылау барысында Жоғарғы Сот судьясы Сара Жармұхамбетова, Астана қалалық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Нәзиля Раззақ және Білім және ғылым министрлігінің Бала құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Зәбира Оразалиева сөз сөйледі.

Жалпы отырысқа қатысушылар нормативтік қаулы жобасын талқылай келе, оған өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізді, сондай-ақ Сот жюриінің регламентін бекітуге дауыс берді.
null

Соңғы жаңалықтар