Судьялар инвестициялық даулардың негізгі проблемасын жария етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы Соты мамандырылған сот алқасының судьясы Жанна Ермағамбетованың айтуынша, инвестициялық дауларды қарау барысында судьялар отандық заңнаманы әлі де жетілдіру қажеттігін түсінді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Судьялар инвестициялық даулардың негізгі проблемасын жария етті

«Судьялар үшін қиындық туғызған негізгі мәселелердің бірі - Кәсіпкерлік кодекстің бірқатар нормаларының жетік болмауы. Атап айтқанда, «инвестициялар», «инвестициялық қызмет» пен «инвестордың» нақты анықтамасы жоқ. Сосын инвестициялық даулар мен инвестициялық қызметке қатысты басқа да даулардың аражігі ашық көрсетілмеген. Соның салдарынан инвесторлар нақты қай сотқа жүгінетінін білмейді», - деді Ермағамбетова инвестициялық дауларды қарау мәселелеріне арналған бүгінгі жиында. Оның айтуынша, қолданыстағы Кәсіпкерлік кодексте «кәсіпкерлік қызметті жүргізу мақсатында жарғылық капиталға ақша құйған, я болмаса, заңды тұлғаның активтерін көбейткен кез келген адам инвестор бола алады» деген анықтама берілген. «Алайда біздің тәжірибемізге сәйкес, сотқа ол адамдар жүгініп жатқан жоқ. Инвестициялық даулар бойынша көп жағдайда шетелдік қаржысы бар заңды тұлғалар немесе шетелдік компаниялардың Қазақстандағы филиалдары арыз-шағым түсіріп жатады. Осыған байланысты біз «инвестор» мен «инвестициялық қызметтің» нақты анықтамасын беруді ұсынып отырмыз. Біріншіден, инвесторды «өз активтерін Қазақстанда орналастыру арқылы өз қызметін филиал арқылы жүргізетін заңды тұлға» деп көрсету керек. Мысалы, оған өз филиалдары арқылы жұмыс істейтін ірі мұнай-газ компанияларын жатқызуға болады. Екіншіден, шетелдік инвестордың қатысуымен құрылған жеке немесе заңды тұлғаны инвестор ретінде белгілеу керек. Үшіншіден, мемлекеттік органдармен келісімшарт негізінде жұмыс істейтін Қазақстанның жеке және заңды тұлғаларын инвестор ретінде қорғауға болады», - деп атап көрсетті судья.

Жалпы, өткен жылы Жоғарғы Соттың қарауына инвестициялық дауларға қатысты 22 арыз түскен болатын. Соның басым бөлігі - мұнай-газ саласындағы жұмыс істейтін ірі инвесторлар. Олар көп жағдайда мемлекеттік органдардың тарапынан жіберілген салық мәселелерін даулайды.

Айта кетейік, Қазақстанда инвестициялық даулар бойынша сот өндірісін қолға алудың негізгі мақсаты - инвесторлардың құқықтарын қорғау, олардың отандық сот жүйесіне деген сенімін арттыру. Оған қоса, алдағы уақытта қазіргі ЭКСПО көрмесінің аймағында «Астана» xалықаралық қаржы орталығын құру жоспарланып отыр. Осы бастаманың арқасында шетелдік қаржыны ел экономикасына көптеп тартуға мүмкіндік бар. Алайда кез келген инвестор өз ақшасын өзге мемлекеттің экономикасына құярдың алдында ол елдің экономикалық тұрақтылығына, сондай-ақ инвестициялық даулардың әділ шешу тәжірибесіне баса назар аударады.