Судьялар өз шешімдеріне жауап беретін болады - Жоғарғы сот төрағасы

«Өздеріңіз көрдіңіздер, Елбасы біздің бүкіл проблемаларға қарап, сот жүйесіне үлкен қамқор көрсетті. Біз жұмыстың қиындығын, жүктеменің көптігін айттық. Бұл тұрғыда Президент осы мәселені шешіп, өткен аптада тиісті заңға қол қойды. Бұл құжат енді жақын арада күшіне енеді. Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан қорғалуымыз төмен екенін де баяндаған болатынбыз. Осы мәселеге де қатысты оңтайлы шешім жасалды. Ал енді алаңдамай, нәтижелі жұмыс істеу үшін бізге барлық жағдай жасалып жатыр. Қазір біраз өңірде жаңа ғимараттар салынуда. Сәйкесінше, осының барлығына сұрау болады. Бұл дегеніміз, әр судья өзінің жеке шешіміне жауап беретіні түсінікті. Яғни осы айтқаным құр сөз емес», - деді Ж. Асанов сот жүйесінің 2018 жылғы жұмысының қорытындысына арналған кеңейтілген отырыста.
Осы орайда ол биыл сот шешімдерінің сапасына екпін қойылатынын атап өтті.
«Бүгінгі отырыста ішкі қауіпсіздік қызметінің басшысы баяндама жасайды. Сол кезде біздің судьяларға қатысты мәліметтер айтылады, олардың жасап жатқан тіршіліктерін көресіздер. Бізге осында көп жағдайлар белгілі. Қазіргі кезде ішкі қауіпсіздік тиісті құқыққорғау органдарымен өте тыңғылықты жұмыстарды атқаруда», - деп атап өтті Жоғарғы сот төрағасы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Жақып Асанов бүгінгі отырыста дұрыс үкім шығармаған судьяларды жазалау мәселесін көтерді.
Сонымен қатар, 2018 жылы Қазақстанда қылмыстық істердің үштен бірі тараптардың татуласуымен аяқталғаны мәлім болды.