Судьялар тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған заң жобасы мақұлданды - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Судьялар тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған заң жобасы мақұлданды - Мәжіліс

Құжат судьялар тәуелсіздігін күшейтуге, судья лауазымдарына кандидаттарды конкурстық іріктеу рәсімдерін жетілдіруге бағытталған. Бұдан бөлек, судья лауазымына кандидаттарды іріктеуде жұртшылықтың рөлін күшейту мәселелері қаралатын болады. Атап айтқанда, заң жобасымен облыстық сот төрағаларына кандидаттарды іріктеуде судьялық өтілдің болу міндеті бес жылдан он жылға дейін көтеріледі. Бұл жалпы судьялық корпустың кадрлық әлеуетінің артуына оң ықпалын тигізетін болады.

Сонымен қатар, заң жобасымен облыстық және оған теңестірілген соттардың, Жоғарғы Соттың қызметін жетілдіру мақсатында олардың құрамында жалпы отырыстың құзыретіне кірмейтін және тез арада шешуді талап ететін сот жүйесінің қызметіне қатысты жеке орган құру ұсынылады. Аталған орган құзыретіне соттардың жұмыстарын тексеру, соттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін үйлестіру және тез арада шешуді талап ететін ағымдағы мәселелер жатады. Бұдан бөлек, судьяларға соттың шешімі заңды күшіне енбеген істер бойынша жұртшылық алдында пікір білдіруге тыйым салынатын болады. Әділсот төрелігіне және оның тәуелсіздігіне залалын тигізуі мүмкін мәлімдемелер немесе ескертулер жасаудан бас тарту туралы соттың міндеті де бекітіліп отыр.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданатын болады.