Судьялар жастарды жат қылықтан аулақ болуға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданарлық соты темекі өнімін кәмелетке толмағанға сату фактісі бойынша әкімшілік іс қаралып, сот талқылауына қатысқан жасөспірімдерге темекі өнімдерін сатудың құқықтық жауапкершілігі жөнінде түсіндіру кеңесі өткізілді.
Елорда қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 18 жасқа толмағандарға темекi сату жеке тұлғаларға - 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 60, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 80 АЕК (айлық есептiк көрсеткiш) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Жиында Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сотының судьясы Жанаргүл Алпысбаева жасөспірімдергесалауатты өмір салтын насихаттап, дене тәрбиесімен айналысу, дұрыс тамақтану, есірткіден, темекіден, алкогольді ішімдіктерден аулақ болу қажеттігін айтты.
«Өскелең жас ұрпақты теріс әдеттерден сақтандыру бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Есірткі, ішімдік, темекі сияқты зиянды әдеттерден тыйыла алмай жүрген жастарды мұндай жат қылықтардан арылтып, жаңа жолға салу біздің борышымыз. Күнделікті өмірде орын алып жүрген үлкенді-кішілі қылмыстардың дені осы ішімдік пен есірткінің салдарынан болатынын біз жақсы білеміз. Заң ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы заңда әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтырады»,- деді судья Жанаргүл Алпысбаева.
Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту жөнiндегi мiндеттердi орындамауы - 7 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.